Алматыда теміржолдағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері тексерілді

Бұл туралы Алматы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Алматы-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жұмыс жоспарына сәйкес тұрақты негізде теміржол жолаушылар және жүк тасымалдарының тиісті жұмыс істеуін, халықтың теміржол жолаушылар және жүк көліктерінде көрсетілетін қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз етуге және жүйелі түрде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға, сондай-ақ ұлттық тасымалдаушы қызметіндегі сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жұмыстар жүргізілді.

Сондай-ақ, теміржол тасымалы саласында көрсетілетін қызметтердің сапасы бойынша азаматтардың шағымдары жиілеп кеткендіктен, жұмыс тобы төсек-орын жабдықтарының жай-күйін, гигиеналық құралдардың болуын, санитарлық нормалардың сақталуын, вагондардың техникалық жай-күйін зерттейді.

Іс — шара барысында Петропавл-Алматы №016 т поездың техникалық жағдайы қаралды. Техникалық сипаттағы 15 бұзушылық анықталып, 3 әкімшілік хаттама толтырылды.

Мониторинг қорытындысы бойынша анықталған проблемаларды тез арада жою бойынша ұсыныстар берілді.

Айта кетейік, «Алматы — Адалдық Алаңы» жобасының мақсаты — тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою және халыққа қолайлы жағдай жасау.