Астанада жұмыс істейтін оқушылар мен студенттерге 60 мың теңге беріледі

Астана әкімінің орынбасары Римма Иманғазинованың айтуына қарағанда, «Жасыл ел» әлеуметтік жастар жобасы аясында мектептер мен колледждердің 14 жастан 18 жасқа дейінгі оқушылары осы жылдың 1 маусымы мен 10 тамызы аралығында жазғы кезеңде жұмыспен қамтылады.

Негізінен көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан, есепте тұрған балалар мен жетім балаларға көңіл бөлінеді. Жалпы саны 700-ге жуық баланы қамту жоспарланып отыр. Бағдарлама аясында мектептермен шарттар жасалады, балалар мектеп жанындағы учаскелерде жұмыс істейді, мектеп аумағын көгалдандырумен айналысады. Жоба бойынша айына 60 000 теңге көлемінде ақшалай сыйақы қарастырылған, — деді ведомство басшысының орынбасары.

Римма Иманғазинова сонымен бірге 1 маусым мен 25 тамыз аралығында астаналық балаларға білім беру ұйымдары базасында онлайн алаңдар қолжетімді болатынын хабарлады.

Нақты құрылған жұмыс балаларға таңертеңнен бастап қызық және пайдалы білім алуға мүмкіндік береді. Мұнда балалар өздерін IT-бағыттардың әртүрлі ролінде сынап көре алады: бағдарламалау, дизайн, жүйелік басқару, ойындарды әзірлеу және тағы басқалар, — деді ол.