СҚО-ға қоныс аударғандарға салынған үйлердің сапасы тексеріледі

Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында қоныс аударушыларға арналған  баспана құрылысының сапасын тексеретін жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлі құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитетінің өкілдері кірді, — делінген хабарламада.

Жұмыс тобының мүшелері тұрғындардың барлық шағымын қарап, салынған үйлерді тексереді және сараптама қорытындысын жасайды. Ол бойынша сапасыз орындалған жұмыстар түзетіледі.

Ведомствоның хабарлауынша, жұмыс тобы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша құрылды.

Айта кетейік, мұның алдында президент «Казахстанская правда» газетінде 24 мамырда жарияланған «Заложники равнодушия» атты мақалада айтылған мәселеге назар аударғаны хабарланған еді.