Асқар Мамин өрттен зардап шеккен Риддер тұрғындарымен кездесті

Бұл туралы премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Риддер қаласында болған өрттен зардап шеккен барлық отбасылар жақын арада жаңа тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Үкімет пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру үшін барлық қажетті шараны қабылдады, — деді Асқар Мамин.

Өрттен зардап шеккен отбасыларға арналған 30 жаңа тұрғын үйдің құрылысы төтенше жағдайлар салдарын жою үшін қарастырылған Үкімет резервінің қаражаты есебінен жаңа «Ботаника үшінші тұрғын үй ауданында» жүргізіліп жатыр. Әр үйдің ауданы – 80 шаршы метр, ал үй маңындағы жеке учаске көлемі – 10 сотық.

Асқар Мамин, ШҚО, Риддер
Фото: Primeminister.kz

Риддерде болған өрт салдарын жою үшін 557,5 миллион теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстарын «ОблШығысЖол», VK Invest Company, QK Sunqar, «Востоквзрывпром», Kazprofstroy Holding компаниялары жүргізіп жатыр.

Үйлердің құрылысын биылғы 15 тамызға қарай аяқтау жоспарланған. Жаңа шағын ауданда барлық қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салынады, — делінген хабарламада.

Асқар Мамин, ШҚО, Риддер
Фото: Primeminister.kz

Жұмыс сапарына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин қатысты.