Нұрсұлтан Назарбаев «МузАрт» тобын 20 жылдық мерейтойымен құттықтады

Кеше, 21 мамырда мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында мəдениет және өнер саласы қызметкерлері күніне орай өткен салтанатты шарада «МузАрт» ансамблін 20 жылдығымен құттықтады.

Əуелі министр танымал ұжымға тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын табыстады.

Сіздерді 20 жылдық мерейлі белестеріңізбен құттықтаймын! Табиғи талант пен талғамның, табанды ізденіс пен еңбектің арқасында көпшілік сүйіп тыңдайтын, кеңінен танымал ансамбльге, күллі жұрттың көзайымына айналу — зор жетістік. Алдағы уақытта да өнерлеріңіз өрістей берсін. Мықты денсаулық, шығармашылық жаңа табыстар тілеймін, — деп жазылған Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатында.

Осыдан кейін Ақтоты Райымқұлова министрлік атынан ансамблді бағындырған белесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Ұлы Дала елін əсем сазбен əлдилеген, музыканы өмірінің мәніне айналдырып, талғамы биік тыңдармандарын тамсандырып жүрген «МузАрт» ансамблін құрылғанына 20 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын! Алғашында трио болып құрылып, ұдайы өсу, өрлеу, шарықтау арқылы бүгінде халықтың сүйікті ұжымына айналдыңыздар. Ел Тəуелсіздігінің 30 жылдығымен тұса-тұс келген бұл мерейтой қазақ əн өнерінің дамуын айғақтайды. Өнерге деген ерекше іңкəрлікпен қазақ мəдениетіне риясыз қызмет етіп келесіздер. Топтың орындауындағы патриоттық әндер ел егемендігін асқақтатып, жас ұрпақтың бойына ұлтжандылық сезімін ұялатады. «Өз елім», «Шынарым», «Шашбаулым», «Қазақтай ел қайда», «Сағындым Алматымды», «Үшқоңыр» жəне өзге де əндеріңіз қаранар халқымызбен бірге жасай берсін. Алдағы уақытта да көңілдің нәзік қылын шертер əндеріңіздің қатары көбейіп, тыңдармандарыңызды қуанта беріңіздер. Осынау ерекше сəтті пайдалана отырып, Сіздерге зор денсаулық, ұжымға толайым табыс пен шығармашылық шабыт тілеймін», — деп жазылған министрдің құттықтау хатында.