Алматы мектептерінде соңғы қоңырау салтанаты қалай өтеді?

Алматы білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жұманов онлайн форматта линейкалар өткізу ұсынылғанын, алайда соңғы қоңырау салтанатын өткізуге тыйым салынбағанын хабарлады.

Қайрат Жұмановтың сөзінше, биыл «бір сынып-бір линейка» қағидаты бойынша соңғы қоңырау 9 және 11-кластарда өткізу ұсынылды. Сонымен бірге мектеп іс-шаралары барлық санитария-эпидемиология нормасын ескеріп, ұйымдастырылады.

Айта кетейік, Алматыда биыл 11-класты 11 337 оқушы бітіреді. Оның 647-і — «Алтын белгіге» үміткер. Бітіру кештерін 12-14 маусым аралығында өткізу жоспарланып отыр.

Қайрат Жұманов сонымен бірге аттестаттарды дәстүрлі тапсыру күндізгі уақытта мектеп аумағында өтетінін нақтылады.