Бұл туралы өңір әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Алдымен ол Батыс Қазақстан облысы әкімі Ғали Есқалиевпен бірге Оралдағы жаңа қалалық мешіттің іргетасын қалау рәсіміне қатысты.
Шаһардың құрамындағы Зашаған кентінде өткен шарада бас мүфти: «Халқымыз «Азаны бар ауыл азбайды» деген. Бұл мешіт құлшылықтың ғана емес, қайырымдылық пен жақсылықтың, ізгілік пен бірліктің орталығына, сонымен бірге мұсылман қауымының рухани ордасына айналады деп сенемін. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) нұрлы шаһар Мәдинаға көшкен кезде алғашқы қолға алған ісі мұсылмандардың басын қосатын мешіт салу болды. Аллаға шүкір, елімізде асыл дінімізге мемлекеттік деңгейде қамқорлық жасалып жатыр. Алла Тағала баршамызды осы мешіттеріміздің ашылуында бірге болуды жазғай. Әмин!, — деп құттықтауын жеткізді.
Бүгінде Зашаған кентінде 70 мыңнан астам адам тұрады. Іргетасы қаланған жаңа мешітте бір мезетте 1 500 адам құлшылық жасай алады. Мешіт жергілікті тұрғындар мен демеуші азаматтардың қолдауымен бой көтермек.
Одан соң Наурызбай қажы Тағанұлы облыс әкімі Ғали Есқалиевпен кездесті.
Кездесуде өңірдегі діни ахуал сөз болып, деструктивті діни ағымдардың алдын алу, осы бағытта оңалту жұмыстарына қатысты іс-шараларды бірге жүзеге асыру, имамдардың біліктілігін көтеру мәселесі жан-жақты талқыланды. Кездесу соңында тараптар бірлесе жұмыс істеуге уағдаласты. Бас мүфти облыс басшысына «Тәпсірлердің таңдаулысы» кітабын сыйға тартты.
Келесі кезекте бас мүфти орталық мешітте болып, «Жусан» операциясымен елге оралған қыз-келіншектермен сұқбаттасып, сұрақтарына жауап берді.
«Халқымыз «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» дейді. Қателіктен сабақ алып, өмірімізді өзгерту – адамдық ісіміз. Аллаға шүкір, пәтуа беретін мүфтиятымыз бар. Ғалымдарымыз діни терең сұрақтарға жауап беріп отыр. Діни басқарма жанындағы ақпарат беру орталығы тәулік бойы қызмет етеді. Қателік жасау адам табиғатына тән құбылыс болғандықтан, пенде «мен қателік жасадым» деп үмітсіздікке салынбауы керек. Керісінше, келешегі жақсы болатынына үміт артып, жақсылығын күту қажет. Үміт етудің бір ғана жолы бар. Ол – Алла Тағалаға шынайы түрде иман келтіріп, келешекке сеніммен қарау. Діни басқарма сіздерге әрқашан көмек қолын созуға дайын, — деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Кездесуге қатысқан қыз-келіншектер бас мүфтиге сауал қойып, өтініш-тілектерін жеткізді.