Асхат Аймағамбетов: Ауылдағы мектептерде «сырттағы дәретхана» деген болмауы керек

Ешкімді алдаудың қажеті жоқ. Жылы дәретхананы орнатқанымен, оны музей сияқты қастерлеп, жабық ұстайтын мектептер де бар. Тексерушілер келгенде ғана ашылатындықтан, басқа кезде оқушылар ауладағы дәретханаға барып жүрген жағдайлар әшкере болды. Мұндайға жол берілмеуі керек. Ауылды елдімекендерде сырттағы дәретхана деген болмауы керек немесе оған оқушылар кіре алмайтындай етіп бекітілуі керек. Қаржы шығындап, жылы дәретхана салған екенбіз, олар үнемі жұмыс істеп тұруға тиіс, — деді Асхат Аймағамбетов Үкімет жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында.

Ведомство басшысы бұдан былай жылы дәретханалардың санитарлық тораппен жабдықталуына баса көңіл бөлінетінін ескертті.

Жылы дәретхананың өзі ғана болғаны жеткіліксіз. Мен комитетке тапсырма бердім, бұдан былай ол дәреханалардың сумен қаншалықты жабдықталғанын, ассенизатор машиналарының болуын, септиктердің дұрыс жұмыс істеуін қадағалау керек. Бұл мәселелер шешілмесе, жылы дәретхана жұмыс істейді дегеніміз өтірік болады, — деді білім және ғылым министрі.