Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ашраф Ғани АҚШ пен НАТО әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылып жатқан кездегі ахуал жайында пікір алмасты. Елдегі саяси-дипломатиялық жағдайды ауғандықтардың өзін қатыстыра отырып, бейбіт жолмен реттеуден басқа балама жол жоқ екені нақтыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ауғанстанды терроризмнен және заңсыз есірткі тасымалынан ада, біртұтас, бейбіт, бейтарап ел ретінде қалыптастыру жолында барынша көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді. Осы мақсатта екі ел үкіметтері арасындағы экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықтың нақты мәселелерін жедел шешуге бағытталған диалогты жандандыру керек.
Ашраф Ғани ауғанішілік диалогты дәйекті түрде қолдағаны және өз еліне нақты гуманитарлық көмек көрсеткені үшін Қазақстанға ризашылығын білдірді. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың екі мемлекет арасындағы ықпалдастық мәселелерін шешуде іскерлік тәсілді қолданудың маңыздылығы жөніндегі пікірімен келісті. Сонымен бірге Ашраф Ғани Ауғанстандағы ахуалды реттеуге жұмылдырылған халықаралық күш-жігерге Қазақстанның белсенді араласуын өте маңызды деп санайды.