Ashyq: Вакцина салғызған азаматтар қандай түспен белгіленеді?

Бұл туралы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жанар Оразалина Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты.

Вакцинация төлқұжаты интеграцияланады, қазіргі уақытта Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен техникалық жұмыстар жүріп жатыр. Екі компонентті де салдырғандардың мәртебесі «жасыл» болады, — деді ол.

Департамент басшысы вакциналау паспорты Ashyq қосымшасымен 1 шілдеге дейін интеграцияланатынын айтты.

Вакцинация төлқұжатына келер болсақ, 1 шілдеге дейінгі уақыт белгіленді, бірақ вакцина алған адам «жасыл» мәртебеге ие болуы үшін барлық мәселені ертерек жабуға тырысамыз, — деді цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов.

Сонымен бірге, БАҚ өкілдері «арнайы қызметтер Ashyq қосымшасы арқылы азаматтардың қозғалысын бақылауы мүмкін бе» деген сұрақ қойды.

Бұл сұраққа Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов жауап берді.

Жоқ. Жобаның тұжырымдамасы біздің ешқандай жүйеге қосылмайтынымызды, ешқандай бақылау шараларын көздемейтінімізді нақты айқындаған. Жалғыз ескеретін дүние – «қызыл» немесе «сары» түсті мәртебе анықталған кезде біз тиісті бизнес объектісіне есеп береміз. Сіз сұрағандай есепке алу немесе бақылау жоқ, — деді вице-министр.

Әсет Тұрысов вирус жұқтырғандар мен байланыста болған адамдардың мәліметтері тек санитар дәрігерлерге ғана кететінін қайталап ескертті.

Басқа ешқайда жіберілмейді. Өз өкілеттіктері аясында тек медицина мамандары ғана бұл деректерді көре алады. Барлығы заңға сәйкес болады. Біз, ең алдымен, заңға сүйенеміз. Заң қаулыдан жоғары, ал онда «ешкім жеке деректерді пайдалана алмайды» деп айтылған. Дербес деректер сотқа дейінгі тергеу, сот шешімі болған жағдайда ғана ұсынылуы мүмкін. Бұл жерде де заңға сәйкес жұмыс істейміз. Қаулыға сәйкес, Денсаулық сақтау министрлігінің өкілеттіктерін ескере отырып, біз деректерді тек санитар дәрігерлерге береміз. Қалғанының бәрі «Дербес деректер туралы» заңмен реттеледі, — деді ол.

ДереккөзHolanews.kz