БҚО-да жас депутаттар «Серпіліс» жобасын қолға алмақ

Өңір әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, мәжілісменнің сапары былтыр ашылған «Отбасы» орталығынан басталды.

Бұл жерде ол  көпбалалы аналармен сөйлесті. Орталық өз жұмысын бастағалы қамқорлыққа зәру мыңнан астам жанға көмек қолын созған. Мұнда негізінен психолог, заңгер және әлеуметтік сұрақтар бойынша бағыт-бағдар беретін мамандар топтастырылған. Сонымен бірге әйелдерге арналған шеберлік сыныптары ұйымдастырылады.

Мәжіліс депутаты келесі аялдаған жер – «Шабыт» шығармашылық орталығы.

Еліміздегі эпидахуалға байланысты қаладағы біраз мейрамхана-тойханалар өз қызмет бағытын өзгертіп, зәулім сарайларын игілікті іске пайдалануға бергені көпке мәлім. Жүздеген ұл-қыздың сабақтан тыс кезде сүйікті ісімен айналысып, өз шеберліктерін шыңдауына жол ашқан бұл орталық та күні кеше тойхана еді. Аталған мекемеге облыстық мәслихаттың жас депутаты Шаттық Өтебалиева жетекшілік етіп отыр. Мұнда ондаған үйірме тұрақты жұмыс істейді, — делінген әкімдік хабарламасында.

Содан кейін  Елнұр Бейсенбаев «Green service company» ЖШС іске қосқан тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу зауытының жұмысымен танысты. Аталған кәсіпорынның құрылтайшысы, облыстық мәслихаттың жас депутаты Азамат Бисеновтің айтуынша, бұл орынға қаладан тәулігіне 200 тонна қалдықтар әкелінеді екен.

Кәсіпорында жиналып қалған қағаз қалдықтарын кәдеге жарату төңірегінде түйткіл көп. Сұрыпталған тұрмыстық қалдықтарды Ресейге шығаруға қойылған мораторий алынғанымен, мемлекеттік кіріс құрылымдарынан құжат рәсімдеп, рұқсат алу оңай шаруа емес. Еліміздегі өңдеу зауыттарына жеткізудің шығыны шаш етектен. Көршілес орналасқан Ресейдің облыстарына экспорттау өте ыңғайлы, әрі көп шығынды талап етпейді. Осы мәселені Мәжілісте көтерсеңіздер екен, – деді  Азамат Ғимранұлы.

Парламент Мәжілісінің депутаты сонымен бірге «Бастау» коворкинг орталығында болып, өңірдің жас депутаттарымен кездесті. Кездесу барысында Елнұр Бейсенбаевқа Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Батыс Қазақстан облысы аумағында жүзеге асырылатын жас депутаттардың «Серпіліс» жобасы таныстырылды. Жоба аясында әртүрлі деңгейдегі жергілікті мәслихат депутаттары өз аймақтарында әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асырады. Мысалы, тұрғындарға арналған түрлі оқыту курстарын ұйымдастыру, аймақта тазалық жұмыстарын жүргізу, волонтерлік қызметтерді жүзеге асыру және тағы басқалар. Сонымен қатар, мұқтаж жандарға көмек көрсету бойынша жұмыстарды жүзеге асырады. Жоба негізінен, «Балық берме, қармақ бер» деген қағидамен жұмыс жасайды.

Еліміздің тұңғыш президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен жас депутаттар корпусы құрылды. Оның құрамына Мәжілістегі және жергілікті мәслихаттардағы 600-дей жас депутат енді. Күні кешегі өткен сайлаудағы Nur Otan партиясы ұсынған бағдарламаларды жүзеге асыру жолында белсенділік танытуымыз қажет. Айта кету керек, жас депутаттар корпусы өңірлер бойынша ең алғашқы болып Батыс Қазақстан облысында өз жұмысын бастады. Бұл жергілікті атқарушы органдар тарапынан көрсетілген нақты қолдау деп білеміз. Алда тұрған міндеттерді бірге атқарсақ ғана еңсереміз, – деді Елнұр Бейсенбаев.

Облыс аумағындағы жергілікті мәслихаттарда 52 жас депутат бар. Республика көлемінде ашылған Жас депутаттар корпусының Батыс Қазақстан облысы бойынша жетекшісі болып қалалық мәслихат депутаты, жас кәсіпкер Мержан Әбілқас сайланды.

Елнұр Бейсенбаевпен болған басқосуда облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттардың жас депутаттары ойларымен бөлісіп, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.