Қасым-Жомарт Тоқаев Аружан Саинға балалардың құқығын қорғау туралы айтты

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Аружан Саин Қасым-Жомарт Тоқаевқа балалар арасындағы мүгедектік деңгейін төмендетуге бағытталған Мүмкіндігі шектеулі балалардың тұрмыс сапасын арттыру жөніндегі жол картасының орындалуы жайында мәлімет берді. Оның айтуынша, талма, орфандық және басқа да ауруларға шалдыққан балаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге байланысты бірқатар шешілмеген проблема бар.

Балалар омбудсмені 2020 жылғы 30 желтоқсанда президент қол қойған заңның күшіне енуіне байланысты қалыптасқан ахуал жайында айтты. Аталған заң мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыстар туралы түсінікті заңнамалық тұрғыдан бекітіп, шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларына қатысатын балаларды барынша қамту үшін жан басына шаққандағы қаржыландыруды көздейді. Бұл ретте Аружан Саин мемлекеттік тапсырысты орындау үшін әкімдіктер бөлген бюджет қаржысының аз екеніне алаңдаушылық білдірді.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл президентке денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және білім беру жүйелеріндегі мекемелерде, оның ішінде, интернатта, балалар үйінде және мамандандырылған интернаттарда білім алатын балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған бірқатар ұсыныс айтты. Сонымен бірге балалар құқығын қорғауға байланысты заң бұзушылықтар анықталғанын атап өтті.

Сонымен бірге Уәкіл институтын «Омбудсмен туралы» Заң қабылдау және мемлекеттегі құқық қорғау тетіктерінің тиімділігін арттыру тұрғысынан қолдау мәселесі талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың құқықтарын қорғаудың аса маңызды екенін айта келе, көтерілген мәселе бойынша бірқатар тапсырма беріп, мұны әрқашан жіті бақылауында ұстайтынын айтты. Президент барлық баланың құқығын қамтамасыз ету жөніндегі мемлекет міндеттемелерінің сөзсіз орындалуы, балалардың мұқтаждығы үшін бөлінген бюджет қаржысы олардың нақты қажеттілігіне жұмсалуға тиіс екенін жеткізді. Мемлекет басшысы балалардың құқығына қатысты заң бұзушылықтарға алып келетін кез келген қиянатты іс-әрекеттердің жолы кесіліп, кінәлілер жазалануы керек деп санайды.