Басты бетЖаңалықтарҚызылорда қаласы...

Қызылорда қаласы туралы 10 миф

№1. «Қызылордада ағаш жоқ»

Қызылордада ағаш жоқ

Қызылорданың топырағын кез-келген ағаш жерсінбейді. Қолайсыз климатының кесірінен тек шөлге шыдамды қарағаш өседі. Бірақ бүгінде қала іргесіндегі қосалқы шаруашылық елімізде сирек кездесетін тал-теректерді будандастырып, көше бойына отырғызып қойған. Осылайша, қызылордалықтар «ағаш жоқ» дейтін аңызды жоққа шығаруда.

“Ағаш өспейтін, ылғи тұзы, соры шығып жатқан жерге орман өсіру деген қандай керемет! Астананың төңірегінде де ағаш өспейді, орман өспейді деп едік, қандай орман өсірдік? Сондықтан, Қызылорданың азаматтарына алғысым көп”, – деген еді Назарбаев Қызылордаға бір сапарында.

№2. «Қызылордада күнде жел»

Аңызақ жел, алақұйын жел, керімсал жел мен зулама жел дейсің бе, бәрін Қызылордадан табасың дейді бір аңыз. Қызылордалықтар жел энергиясын тиімді пайдалануда. «Қазақтелеком» АҚ өңірдің елдімекендеріне 15 жел-күн қондырғыларын орнатқан. Қызылорда маңындағы ауыл-аймақтарға жел арқылы жарық беріліп отыр. Алайда, қалада күндіз-түні жел соға бермейді. Желдің ауа массалары алмасуы әсерінен пайда болатыны белгілі. Бұл белгілі бір уақытқа ғана сәйкес келеді.

№3. «Қызылорда құмнан көрінбейді»

Қызылорда құмнан көрінбейді

Аймақтың негізгі бөлігі өсімдік атаулы жоқ құмды боп келеді. Қызылқұм, Кішкентай Борсық, Қарақұм, Арысқұм сияқты көптеген құм учаскелері бар. Бірақ, бұл қаланың барлық жері құмнан тұрады деген сөз емес. Егер Қызылорда тек құмнан тұратын болса, халқы астықты қайда егеді? Қызылорданың астық жинаудан рекордты көрсеткіш көрсететінін ескерсек, алқаптың бәрі құм деген сөздің шындыққа жанаспайтынын түсінеміз.

№4. «Қызылордалықтар орысша сөйлемейді»

Қызылордалықтар орысша сөйлемейді

2015 жылғы статистика бойынша Қызылордадағы қазақтардың үлесі 95,89 пайызды құрайды. Өзге ұлттардан орыстар (2,03%), корейлер (1,04%), татарлар (0,22%) кездеседі. Жергілікті тұрғындардың көпшілігі қазақтар болғандықтан, күнделікті қарым-қатынаста қазақ тілінің алатын орны ерекше. Бірақ, бұл қызылордалықтар орысша білмейді деген сөз емес. Қазақша-орысшаға судай қызылордалықтарды көргенде аңыздың ақиқат еместігіне көз жеткізесіз.

№5. «Қызылордада қыс болмайды»

Қызылордада қыс болмайды

Қызылорданың климаты тым континенталды және жазы ұзақ жалғасатын өте ыстық әрі құрғақ боп келеді, бірақ қысы әлдеқайда жылы, қысқа әрі қары да аз түседі. Осыған орай көпшілік «Астанада жаз болмайды, Қызылордада қыс болмайды» деп жатады. Қазақстан қоңыржай климаттық белдеуінде орналасқан ел болғандықтан, жылдың төрт мезгілі де болады. Сондықтан, мұндай мифтерге сене берудің қажеті жоқ.

№6. «Қызылордалықтар тек күріш жейді»

Қызылордалықтар тек күріш жейді

Қазақстандағы күріштің отаны саналатын Қызылордада тек қана күріш жейді екен деген әңгімені талай мәрте естіген боларсыз? Ыбырай Жақаевтың Кеңес Одағы кезінде күріш жинаудан рекорд орнатқанын ел әлі ұмытқан жоқ. Қызылорда десе көз алдына күріштің келетінін де содан болса керек. Алайда, «Қызылордалықтар тек күріш жейді, палауды жақсы әзірлейді» деген қате пікір. Қызылордалықтар күрішті көбінесе басқа аймақтар мен елдерге экспорттау үшін өсіреді. Мысалы, Қызылорда өңірі жыл сайын шетелге 50 мың тонна күріш шығарады. Ал тұрмыста күріштен басқа да азық-түліктерді тұтынады.

№7. «Ұшты, ұшты, протон ұшты»

Ұшты, ұшты, протон ұшты

Қызылорда Байқоңыр ғарыш айлағына жақын орналасқан. Айлақтан енді көтеріле берген «Протон-М» зымыран тасығышы апатқа ұшырап, аймақтың үстін гептил бұлты басқан оқиғаны естіген соң «Қызылордада күнде зымыран ұшады, апат жиі болады» деген түсінік қалыптасқан. Алайда, Байқоңырға барсаңыз күнбе-күн ұшып жатқан зымырандарды көре алмайсыз. Мысалы, соңғы рет Байқоңыр айлағынан 2016 жылы 17 қарашада «Союз МС-03» әуе кемесі ұшқан. Статиска бойынша, Бақоңырдан 2016 жылы 11 ракета ұшырылса,  биылғы жылы олардың саны 17 болмақ деп жоспарлануда.

№8. «Қызылордада аптап ыстық»

Оңтүстік аймақта орналасқандықтан Қызылордада ауа температурасының жоғары болуы заңды. 2015 жылдары қалада +43-45 градусқа дейін көтеріліп, көптеген адамдардың денсаулығы сыр беріп, ауруханаға түскені де белгілі. Алайда, Қазақстандағы ең ыстық жер – Шардара (Оңтүстік Қазақстан облысы), мұнда ауа температурасының абсолюттік ұлғаюы +47 градусқа жетеді.

№9. Барсакелмес, «полигонның балалары»

Қызылорда десе көз алдына Арал теңізінің тағдыры келетіні жасырын емес. Барсакелмес аралының тарихы, Возрождение аралында болған түрлі полигон сынақтары, су астындағы жарылыстар жергілікті тұрғындардың денсаулығына әсер етпей қоймады. Сондықтан, Қызылордада кемтар адамдар көп, бұл қала мутациялық ауруға шалдыққандардың мекені деген қате пікір қалыптасқан. Бірақ, полигон зардаптарын жою шаралары қарқынды жүргізілгендіктен, қазір қаладан «полигонның балаларын» кездестірмейсіз.

№10. Қызылордалықтардың бәрі күйші

Күй атасы Қорқыт ата туралы аңыздарда Қызылорданың аты жиі аталады. Қызылордалықтарды күйшілердің ұрпағы санап, пір тұтып жатамыз. Үйлерінің төрінде домбыра тұрғандықтан, оларды шеттерінен күйші санаймыз. Алайда, олардың қатарында күйші болғандықтан емес, күй өнерін қадір тұтқандықтан үйіне домбыра іліп қоятындары да бар.

Суреттерді өңдеген: Бекзат Исамбергенов

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар SZH.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.