— Қарақат, байқауға дейінгі өміріңді айтып берші. Junior Eurovision-ге қалай қатыстың, конкурс туралы кімнен білдің?

Қарақат Башанова: 2018 жылы Junior Eurovision байқауының Қазақстандағы іріктеуіне қатысып, өте алмаған едім. Balapan арнасы түсірген «Ақ құс» телехикаясы кастингінде де жолым болмады, бірақ даусымды ұнатып, маған осы телехикаяның саундтрегін айтқызды.

9 жасымнан бастап «Қарақат» мектеп-студиясында вокал бойынша оқыдым. Кейін сабақтар көбейіп кетіп, үзіліс жасадым, бірақ үйде үнемі дайындалып жүрдім. 2018 жылы «Бала дауысы» байқауының финалисі болдым. 2019 жылы «Бақытты бала» конкурсына қатысып, 3-орын иелендім. Бұл — Димаш Құдайберген ұйымдастырған байқау. Junior Eurovision қатысып көру туралы ұсынысты Димаш Құдайбергеннің қарындасы Раушан айтты.

Құралай Башанова: Қарақатқа «Бақытты бала» конкурсының көп көмегі тиді. Өйткені Junior Eurovision-ге қатысқан 700-ге жуық баланың тек 30-ын іріктеп алды. Содан кейін ұлттық іріктеуге жолдама алатын 12 қатысушы онлайн дауыс беру арқылы таңдалды. Осы кезде Димаш Құдайбергеннің анасы Светлана Айтбаева Instagram-парақшасына Қарақатты салды, оны Димаштың фан-клубтары іліп әкетті. Осылайша, Қарақат дауыс саны бойынша қалып келе жатып, соңғы күні көп дауыс жинап, ұлттық іріктеуге өтті.

Қарақат Башанова
Қарақат Башанова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Ал ұлттық іріктеуден де өтіп, Қазақстан атынан ірі халықаралық жобаға қатысатыныңды сезіндің бе? Қорқыныш болған жоқ па?

Қарақат Башанова: Ұлттық іріктеуге өткенде композитор Хамит Шаңғалиевке бардық. Дауысымды тексеріп көрді, вибрациямен, мелизммен жұмыс істеу керек екенін айтты. Сосын «Қазақстан атынан үлкен аренаға шығып тұрсың делік. Қандай ән айтқың келеді?» деп сұрады. Бұрын бұл туралы ойлаған емеспін, бірақ бірден әке туралы айтқым келеді дедім. Осы кезден бастап қорқыныш пайда болды. Өйкені бұл жай ән емес, марқұм әкеме арналған шығарма болғаннан кейін қалай шығады деген ой маза бермеді. Сол кезде басты миссиям әнді жоғары деңгейде айтып, Қазақстанды дүниежүзіне таныту болды.

Құралай Башанова: Неге балалық шақ туралы көңілді, ойнақы ән таңдамаған деп көбі сынады. Қарақат әке туралы айтамын дегенде Хамит Шаңғалиевтің көзінен жас шығып кетті. Сол кезде Қарақатты ойлап, көңілі босаған шығар деп ойладым, бірақ олай емес екен, ол да әкесінен айрылыпты. Кейін Қарақат бұл шешімін «Мұндай мүмкіндік енді қашан туады, әке туралы әнім болса деп армандадым» деп түсіндірді.

Шәмшінің «Ана туралы жыр» әні де осылай туған екен. Ол анасы қайтыс болғанда әннің мелодиясын дайындап, сөзін жаздыру үшін Жазушылар одағына барады. Одақтағылар «Ғафу Қайырбековке бар, дәл қазір сенің қайғыңды сол ғана түсінеді, оның да анасы қайтыс болды» деп жауап берген екен. Қарақатта да осы жағдай, әке туралы ән айтқысы келіп тұр, композитор да мұндай қайғыны басынан өткерген. Сол себепті кез келген нәрсе бекер болмайтын сияқты.

Құралай және Қарақат Башановалар
Құралай және Қарақат Башановалар. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Былтыр конкурс коронавирус пандемиясына байланысты онлайн өтті. Бұл жаңалықты қалай қабылдадыңыздар?

Қарақат Башанова: Әуеліде конкурс онлайн өтетінін білмедік. Әпкем Құралай екеуіміз Варшаваға барамыз деп қуанып, дайындалып жүрдік. Ең бастысы — Евровидение атмосферасын, энергиясын сезінгім келді, әнді жан-тәніммен айтқым келеді, бірақ арманым орындалмады. Сол себепті жаман болып қалдым. Бұйырғаны осы шығар деп ойладым.

Құралай Башанова: Біз үйде «бұйырғаны осы шығар» деп көп айтамыз. Негізі конкурс офлайн өтіп қалуы мүмкін деп айтылды, біз содан үміттеніп жүрдік. Бар ойымыз ұшаққа отырып, Варшаваға бару болды.

— Әннің клипі қалай түсірілді? Көңілдеріңізден шықты ма?

Қарақат Башанова: Клип шыққан соң 3 күндей қынжылып жүрдім. Өйткені аузымның қимылы мен әуен сәйкес келмеді. Әдемі дубль өте көп болды, бірақ бәрі алынбаған, кейін қайталап көре беріп, жақсы пікірлерді оқыған соң ұнай бастады.

Құралай Башанова: Әуеліде клипті ұнатқан жоқпыз. Бәріне бірдей түсінікті болатын жұмыс күттік, ал бізге түсірген клиптің философиялық мәні бар. Сонда да керемет жұмыс шығатындай көрінді. Клипті көріп, туыстарымыздың бәрі жылады, ал бізге мүлдем әсер еткен жоқ. Кей жерінде ауыз қимылы әуенмен сай келмей тұрғанын байқадық. Клипті түсірген режиссер орыстілді адам, мұны түсініп тұрған жоқ. Ал бізге бұл өте маңызды, бірақ сол қателер жөнделген жоқ. Қазір қайталап көрген сайын сол жерін өткізіп жіберемін.

Клипті Малик Зенгер ойластырып, түсірді. Әуеліде Маликтің KFC, Burger King жарнамаларын түсіріп жүргенін естіп алып, қандай жұмыс шығады екен деп сенімсіз болдық, бірақ кейін оның мықты клипмейкер екенін білдік. Мұнда үш кезең — ашаршылық, соғыс жылдары және қазіргі уақыт көрсетілген. Бұған дейінгі «Ақ құс» әнінің клипі жай ғана жасыл фонда түсірілген еді, ал бұл бізге үлкен тәжірибе болды.

Бұл клипке шетелдік азаматтардан көп реакция жасады. Бұрын YouTube-ке кіргенде Димаш Құдайбергеннің әндеріне жасалған реакцияларды көріп, қашан Қарақат осындай дәрежеге жетеді екен деп қызығатынмын. Соның ішінде «Бұл ересектердің «Евровидениесінде» көрсетілетін жұмыс екен» деп айтқаны ұнады. Тағы бір кісі «Конкурста көңілді әндер орындалуы керек деп ойлаушы ем, осы жолы бұл ойымнан қайттым» деген комментарий айтылды.

Финалда айтылатын әнді де алдын ала жазып алу керек болды. Осыған қатысты «Евровидение» талаптары келгенде бізге 2 минут 30 секундтан аспауы керек деп айтылды. Хамит Шаңғалиев те бәрі осы уақытқа сыйдыруға тырысып, қобалжып отырды. 2 минут 31 секундтың өзі артық деп бір секундты қиып тастап, жіберді. Сөйтсек, «Хабар» телеарнасына келген талапты дұрыс аудармаған екен. Кем дегенде 2 минут 30 секунд болуы қажет екен. Финал болған күні уайымдап отырдық. Өйткені үздік үштікке де ілінбейміз деп ойладық, барлық қатысушының жұмысы 3 минутқа дейін, ал біздікі ғана ғана аз болып қалған.

— Байқауды жеңіп шығамыз деген сенім болды ма?

Қарақат Башанова: Жеңіс туралы мүлдем ойлаған жоқпын. Ойымда адамдарға тек өз оқиғамды жеткізіп, содан ләззат алу болды. Ал финал болған күні бәрі өзгерді. Үрей пайда болды. Біреуден қалып қойсам, оған көне алмайтын сияқтымын. Қазақстан мен Францияның ұпай санын соңында айтты ғой, осы кезде қатты күйгелектендім. Байқауда екінші болып өнер көрсеттім, мұның өзі әсер етті деп ойлаймын.

Құралай Башанова: Жеребе тастау арқылы бірінші және соңғы қатысушы анықталады, қалғанын ұйымдастырушылар шешеді. Екінші болып шықсаңдар, бірінші орын ала алмайсыңдар деген пікірлер айтылды. Өйткені барлық қатысушы өнер көрсетемін дегенше ұмытылып кетесің. Соңында кім эмоция сыйлай алды, 15 минут ішінде бәрі соған дауыс береді.

Өзімде Қарақат жеңіп шығады деген сенім болды. Өйткені Испанияның ұпайы 133, Қазақстандікі 152 болды. Соңында қалған Франция осы екі елдің ортасына келіп жайғасатын шығар дедім, бірақ 200 ұпай жинап, бірінші орынға шықты.

Құралай және Қарақат Башановалар
Құралай және Қарақат Башановалар. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Дауыс беру кезінде Қазақстан халқының қолдауын сездің бе? Бірінші орын ала алмағаның үшін ренжіген жоқсың ба?

Қарақат Башанова: Ренжіген жоқпын. Бұған дейін байқауға Қазақстан атынан Данэлия Төлешова, Ержан Максим қатысты. Сол жылдарға қарағанда халық маған көбірек дауыс берген сияқты болды.

Құралай Башанова: Қарақаттың Junior Eurovision-ге қатысып жатқаны туралы ақпарат көшедегі билбордтарда ілінді, оған қалай дауыс беруге болатыны туралы видеороликтер «Хабар» телеарнасынан көрсетілді. Бірақ, меніңше, дәл қазіргідей уақытта мұндай әдіспен адамдарды тарту қиын сияқты. Өйткені бәрі блогер мен вайнерлерді көреді. Оларға жазылған адам саны көп және көбінің аудиториясы тірі. Әншілердің өзінде мұндай аудитория жоқ. «Хабар» телеарнасы дауыс беруге блогерлерді де тартуы керек еді. Кейбір блогерлерге өзім жазып көрдім, бірақ жауап берген жоқ.

Қарақат Башанова
Қарақат Башанова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Байқауға қатысқан балалармен араласып тұрасың ба?

Қарақат Башанова: Junior Eurovision-ге қатысқандармен жақын араласпаймыз. Өйткені әлеуметтік желілерде отырмаймын. Instagram-дағы парақшам бұғатталып қалды. WhatApp-та чатымыз бар, сонда біреудің туған күні болғанда ғана құттықтап, жазып отырамыз.

— Отбасың туралы айтып берші…

— 2008 жылы Талғардың іргесіндегі Рысқұлов ауылында тудым. Отбасымда 4 адам бар. Анамның есімі — Әлия, аспаз болып жұмыс істейді. Үлкен әпкем — Құралай, биыл әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін магистратура бойынша бітіреді. Екінші әпкемнің есімі — Қарагөз, Санжан Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университетінің 4-курс студенті.

— Евровидениеден кейін өмірің қалай өзгерді? Сені көшеде танитындар көп пе? Қазір немен айналысып жүрсің?

Қарақат Башанова: Конкурс үлкен мүмкіндіктер сыйлады.  Сұхбаттарға, түсірілімдерге шақырды. Ең үлкен жаңалық — биыл ересектер арасында өтетін Евровидениеге қазы болу туралы ұсыныс түсті. Жуырда осы туралы хат электрон поштама келді. Сосын Facebook-тегі парақшама Афиныдан бір композитор «Саған әнімді сыйлағым келеді, тыңдап көрші» деп жазды. Broken деген ән екен. Әуені ұнады, бірақ мәтіні көңілімнен шықпады. Ересектер айтатын ән екені білініп тұр.

Junior Eurovision-нен кейін музыкаға деген ерекше сезім, махаббат пайда болды. Байқаудан кейін шабыт алып, қазір қысқа-қысқа әндер жазып жүрмін. Кез келген аспапта ойнап жатқанда ойыма мелодия келсе, оны бірден диктофонға жазып аламын. Біраз уақыт өткеннен кейін «бірдеңе шығып қалар» деп қайта тыңдап шығамын. Евровидениеден кейін сурет салу да ұнай бастады. Скрипкаға да көп көңіл бөле бастадым. Биыл қазанда Санкт-Петербургке байқауға барамын. Қазір ұстазыммен дайындалып жатырмыз.

Ағылшын тілі курсына барып жүрмін. Евровидениеден кейін қалай да ағылшын тілін үйренуім керек деп мақсат қойдым. Тілді жақсы түсінгеніммен, ойымды жеткізе алмайтынмын, қазір курсқа қатысып жүрмін, деңгейім біртіндеп жақсарып келе жатыр.

Құралай Башанова: Автобуспен, қоғамдық көлікпен көп жүреміз. Ал мұндағы халық қарапайым ғой, танып тұратыны білініп тұрады, бірақ фотоға түсейік дейтіндері сирек.

Қарақатты «Ақ құс» әнінен кейін жақсы тани бастады. «Егіз лебіз» жобасына қатысқанда кішкентай бір қыз «Қарақат әпке, сізбен фотоға түсуге бола ма?» деді, тіпті «Ақ құс» әнін айтып берді. Онда Маржан Арапбаева, Жұлдыз Өмірғали, Сүндет Байғожин сияқты әншілер жүр, бірақ бәрі Қарақатқа келіп жатыр. Өте қуанып қалдық.

Жуырда Қарақат Роза Рымбаева орындап жүрген «Наурыз думан» әнінің клипіне түсті. Режиссер Жансая Көпбаевадан осындай ұсыныс келді. Бұл клип түсіріліміне Роза Рымбаевадан бастап Әмре, Ayree, Ержан Максим сияқты артистер қатысты. Халық артисінің бұл әнді орындап жүргеніне 32 жыл толыпты, бірақ бірде-бір клип түсірілмеген екен. Роза Рымбаева енді 10 жылдан кейін бұл әнді Қарақатқа сыйлаймын деді.

— Қарақатқа дәл қазір қандай қолдау қажет?

Құралай Башанова: Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов фортепиано сыйлаймын деген, бірақ кездесу болмай қалды, Қарақат сыйлығын әлі күтіп жүр. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов та Қарақатты қабылдамақшы болған. Мұны кезінде әкімнің орынбасары айтты, бірақ әлі күнге дейін хабарласқан жоқ. Меніңше, кез келген дүние ескеріліп, бағаланғаны жақсы ғой, өйткені мұның өзі балаға стимул сияқты. Сол кезде ғана осы елге керек екеніңді сезесің.

Қарақатқа шығармашылықпен айналысу үшін жеке продюсер керек. Өйткені ән жазу, оны өңдеу, клип түсіруге көп ақша қажет. Демеушілерден әзірше мұндай ұсыныс түскен жоқ.

Қарақат Украинаның «Голос. Дети» байқауына қатты барғысы келді, бірақ сүйікті әншісі Тина Кароль осы маусымнан кейін шоудан кетеді. Оның үстіне, қашанғы ТМД төңірегінде жүреміз? Сол себепті Америкадағы шоуларға барғаны дұрыс сияқты.

Қарақат Башанова:  Басқа салаларға да қызығушылығым бар, бірақ дәл қазір музыкамен айналыса беремін. Осы саланы кәсіби меңгеру үшін консерваторияда түскім келеді және дүниежүзіне танымал артист болуды мақсат етемін. Ал өзге қызығушылықтарымды хобби ретінде жасауыма болады.

— Әңгімелеріңізге рақмет!

Қарақат Башанова
Қарақат Башанова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы