— Пандемия кезінде біраз адам кәсібін жүргізе алмай қиналып қалды. Ал сіз, керісінше, ателье ашып, іс бастадыңыз. Бұған қалай келдіңіз?

— Туыстарым киім тігіп жүргенімді көріп, «Бізге де тіксеңші» дейтін болды. Кәсібім осылай басталып кетті. Алғашында жасаған бұйымымды сыйлыққа беретінмін. Кейін кәдімгідей тапсырыс алып, кәсіпке айналдырдым. Әсіресе балаларға арналған және тойға киетін сәнді көйлектер тігіп жүрдім. Арнайы кабинетім болмады, бәрін үйден істедім.

2019 жылы Арыс қаласынан Алматыға көшіп келдім. Тігін цехына жұмысқа тұрдым. Кейінірек өз ательемді ашқым келді де, ол жерден шығып кеттім. Атамекен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бизнес бастау» тегін курсы өтетінін естідім. Дереу өтініш жіберіп, курсқа қатыстым. Бізге үйреткен нәрсенің бәрін қызыға тыңдап, өзіме керек нәрсенің бәрін оқып алдым.

35 қатысушы болған едік. Курс соңында бизнес жобамызды қорғап, қайтарымсыз грант тұтып алуға мүмкіндік берді. Сонда қолымнан іс тігу келетінін, сонымен қатар тігін машинамның ескіргенін, жаңасын алуға қаражат керек екенін айттым. Жаңадан ашылатын ательенің бизнес жобасын қорғадым. Комиссияға өзім тіккен көйлектерді көрсеттім. Тіпті балалар үйінің тәрбиеленушілеріне де көйлек тігетінімді айттым. Оларға мен тіккен көйлектер ұнады. Осылай қайтарымсыз грант иегері атандым. Атамекен Ұлттық палатасы 505 мың теңге берді. Оны арнайы шотқа салу үшін сол кезде жеке кәсіпкер ретінде тіркелдім.

Тігінші Жанат Кенжебай
Жанат Кенжебай. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Мамандығым — еңбек пәнінің мұғалімі. Себебі бала кезімнен ине-жіпке, түрлі дүние тіккенге қызығатын едім. Бірақ университетте киім тігуді аса үйретті деп айта алмаймын. Бәрін жалпылама оқыдық. Әрі кетсе, машинаны қалай қолдануды біліп шықтық. Сосын 2015 жылы үш айлық тігін курсына қатысып, сол жерде көп нәрсені үйреніп алдым, қолым да жаттықты. Әдетте көп адам белдемше тігуден бастайды. Мен де сөйттім. Осы курсты оқып жүріп, қабілетімді байқадым, теория жүзінде білетінімді тәжірибеге айналдырдым. Курсқа қатысқан кезде анам тігін машинасын сатып алып берген. Біраз жыл сол машинамен киім тіктім.

тігу
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Пандемия кәсіп ашуға кедергі болмады ма?

— 505 мың теңгенің бір тиынын да жаратпай, ательеге орын іздей бастадым. Алматыдағы адам көп баратын жерден, сауда орталықтарынан арнайы кабинет қарадым. 2020 жыл келіп, дүниежүзінде коронавирус туралы айтыла бастады. Әпкем емханада дәрігер еді. Ол кісі жұмыста бетперде жетпей жатқанын айтып, «Бізге маска тігіп берші?» деп қолқа салды. Бас тартпадым, қолымда бар матамен жүздеген дана маска тігіп, емханаға саттым. Бірден Instagram-дағы парақшама маска тігетінімді жазып қойдым. Артынша вирус Қазақстанда да анықталып, карантин жарияланды. Мен ауылға қайттым.

маска
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Ателье ашпадым, бірақ курстан ұтып алған ақшаға да тимедім. Ауылға барып, маска тігіп жүрдім. Тапсырыс берушілердің ішінде емханалар да, жеке ұйымдар да болды. Ауылдағы дәріханаға да маска тігіп, саттым. Бәрі Instagram-дағы хабарландыруымды көріп, хабарласатын. Қазір есептесем, көктемгі карантинде 5 мыңнан аса маска тігіппін. Басында күніне 100 дана ғана тігуге үлгеретін едім. Тапсырысты тез орындау керек болғанда маған інім мен әпкем көмектесті. Үшеуіміз бірігіп жасасақ, бір масканы 5 минутта тігіп, бітіретін едік. Мұндай қарқынмен күніне 500 маска дайындауға болады. Масканы пішіп, тігемін. Оны інім оң қаратады. Әрі қарай құлаққа ілетін жібін байлаймыз. Масканы матасына қарай әртүрлі бағада, 80 теңгеден бастап, 500-1000 теңгеге дейінгі аралықта саттым. Матасы сапалысы қымбатырақ тұрады.

Кейін масканы арнайы моншақпен, тастармен сәндей бастадым. Себебі клиенттер «Әдемі, ерекше маска керек» деп жүрді. Негізінен той көйлегін тігетін едім. Ал карантинде тойға рұқсат болмаған соң көйлекке тапсырыс та азайды. Бірақ халық тойды үйінің ауласында жасап жүрді. Сонда жиынға баратын әпкелеріміз көйлектің матасынан маска тігіп беруімді сұрады. Олар масканы көйлекпен үйлестіріп тағып жүргісі келді. Айтпақшы, карантин кезінде дайын киімді клиенттерге поштамен жіберіп отырдым.

жіп
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Атамекен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы берген ақшаны 2020-ның күзінде жұмсау бұйырды. Ательеге орын тауып, кәсібімді аштым. 505 мың теңгені ателье орнына төледім және өзіме керек тігін машинасын сатып алдым. Осылай бастап кеттім. Әлі күнге дейін тек өзім жұмыс істеп келемін. Сондықтан кәсіп жүргізуде кездесетін есеп-қисап, команда жинау ісі жағынан қиналмадым.

Тігінші Жанат Кенжебай
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Көбіне қандай киімдер тігесіз? Алматылықтар арасында қандай киімге сұраныс жоғары?

— Келін көйлектерге, тойға киетін көйлектерге және балалар киіміне cұраныс көп. Себебі Алматыда келінге арналған көйлектерді көп кимейді. Соған сай оны сататын, тігетін адам да аз. Келін көйлекті көбіне арнайы тіктірмесе, жалпы дүкеннен таппайсыз. Етегі жабық, ұзын. Денеге жабыспай, кеңірек тұрады. Ішінен көйлек, ал сыртынан нұмша тігіледі. Бағасы 20 мыңнан басталады.

Сонымен қатар ательемдегі танымал киімдердің бірі — анасы мен қызына арналған бірдей көйлектер. Қазір жас аналар қызымен бірдей түсте, бірдей стильде киініп, фотосессия да жасап жатады.

көйлек, ателье
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Қазақстанда өзіңізге ұнайтын матаны табудан қиналмайсыз ба?

— Жоқ, себебі мата елімізге көбіне Қытайдан, Кореядан және Дубайдан келеді. Ине, жіп, моншақтарды, матаны Алматының барахолкасынан аламын. Бір дүкенде болмаған затты келесісінен табуға болады. Бір жақсысы, пандемияда мата қымбаттаған жоқ. Бірақ шекараның жабық болуына байланысты матаны шетелден жеткізе алмай қалған кездер болды.

— Ал өзімізде мата шыға ма?

— Өкінішке қарай, елімізде мата шығармайды. Бірде-бір дүкеннен Қазақстаннан шыққан матаны, моншақты көрмеппін. Сатушылар көбіне Қытайдан алдырады. Болмаса, Корея, Біріккен араб әмірліктері және тағы басқа елдерден келеді. Әлі күнге дейін әдемі әрі сапалы матаны шетелден сатып аламыз. Бұл — өте өкінішті жағдай.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Арнайы тіктірген киімді қалай күтіп ұстау керек?

— Матасына қарай күтім жасауға болады. Киімнің матасы сапалы, қымбат болса, абайлап жуу керек. Қарапайым матадан тігілсе, зауыттың киімінен еш айырмасы жоқ.

— Көбне көйлек тігетініңізді айттыңыз. Jannat brand ательесі басқа қандай қызмет ұсынады?

— Ательеде реставрация қызметін де ұсынамын: шарбардың балағын қысқартамын, кең киімдерді шақтап, тігіп беремін. Ал киім тігіп жүргеніме алты жыл болыпты. Ренжіген, тіккен киімімді ұнатпаған клиент болмапты. Себебі көйлекті адаммен әбден ақылдасып барып пішемін. Тігіп жатқанда тапсырыс берушіні шақырып, тағы өлшеймін.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Ателье қызметі болашақта әрі қарай қалай дамиды?

— Ең әуелі ательенің қазір орналасқан жерін қаланың орталығына қарай ауыстырғым келеді. Сосын Қазақстанның басқа қалаларынан ашуды армандаймын. Көбіне келін көйлекке сұраныс бар дедім ғой. Әсіресе, Батыс Қазақстан мен Шымкенттен келін көйлекті сұрайтын клиент көп. Сондықтан осы екі өңірден ателье ашуды армандап жүрмін.

Өзінің жеке тігін цехы бар, бұрыннан киім тігетін мамандар матаны шетелден тікелей алдырады. Алып сатушыларға екі есе шығындалмайды. Мен де осы тәсілді пайдалансам деймін. Әзірше қазақстандық сатушылардан алып жүрмін.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Кәсіп бастағысы келетін адамға не айтасыз?

— Біріншіден, «Кәсіп бастағың келсе, қорықпа!» дер едім. Жастардан байқайтыным – іс бастаудан қатты қорқады. Идеясы, қабілеті болып тұрып, жаңадан бір істі бастауға жүрексінеді. «Мен мына нәрсені істегім келеді, бірақ қатты қорқамын» дегенді жиі естимін. Сол адамдар қазір ойындағысын жүзеге асырмаса, өкінеді. Себебі мемлекет кәсіппен айналысам дейтін жастарға мүмкіндік жасап қойған. Тегін курс та, қайтарымсыз грант та бар.

Кәсіпкер болу – өзіңмен жұмыс істеу. Әрдайым өзіңді жақсартып, үнемі ізденісте жүруің қажет. Қолыңда бар дүниемен іздене беруге тиіссің. Мысалы, өзім тігінші болғандықтан ашық дереккөзден дүниежүзінде қандай киімдер сәнде екенін қарап жүремін. Дүниежүзі сән индустриясынан қалып қойғым келмейді.

Тігінші Жанат Кенжебай
Тігінші Жанат Кенжебай. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

***

16 сәуірде Energyprom агенттігі Қазақстанда киім қымбаттағанын хабарлады. Сарапшылар 2021 жылдың екі айында еліміздегі компаниялар 7 миллиард теңгеге киім шығарғанын айтты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 24,1% көп.

Сонымен қатар зерттеушілер қазақстандық киім өндірушілер банкрот алдында тұрғанын мәлімдеді. Өткен жылғы тауардың көп бөлігі әлі сатылмаған, қоймаларда жиналып тұр. Сондықтан кәсіпкерлер 4 миллиард теңге шығынға батып отыр.

«Наурыз айында сырткиімнің бағасы былтырғымен салыстырғанда 4,9% қымбаттаған. Оның ішінде ерлер киімі 5%, әйелдер сырткиімі 4,9%, балалардікі 4,5% қымбаттады», — делінген хабарламада.