Үкімет басшысы Асқар Мамин бүгінде санитария-эпидемиология жағдайы біршама тұрақтанғанын айтты. Оның айтуынша, елдегі инфекция төсек орындары 41%-ке, реанимация төсек орындары 28%-ке толған.
Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың айтуына қарағанда, бүгін өңірлерге жеткілікті көлемде вакцина жеткізілді. Дегенмен эпидемиология ахуалын тұрақтандыру үшін келесі бағыттар бойынша нақты шаралар қабылдануы керек.
Барлық әкімнен халықты жаппай вакцинациялау бағытындағы ақпараттық түсіндіру жұмыстары жеке бақылауға алуларын сұраймыз, ай соңына дейін халықтың вакцинациялауға жататын бөлігінің 20%-не жеткілікті көлемде вакцина қамтамасыз етілді, әкімдіктер азаматтарды вакцинациялаумен қамту жұмыстарын күшейтуі қажет, — деді ол.
Ералы Тоғжанов Ashyq жобасы оң нәтиде көрсетіп жатқанын айтты.
Бағдарлама арқылы қоғамдық орындарға кірмек болған 809 ауру жұқтырған және 340-қа жуық байланысты болған адам анықталды. Соныдықтан әкімдер кәсіпкерлік субъектілеріне Ashyq жобасын енгізу бойынша жұмысты жеке қадағалауда ұстауы керек. Шұғыл түрде осы жұмысты ұйымдастыруы керек, — деді премьер-министрдің орынбасары.
Сонымен бірге Ералы Тоғжанов қабылданған шектеу шараларының қатаң сақталуына бақылау күшейту қажет екенін айтты.
Бүгінде Алматы мен Шымкент қалаларында, ШҚО, Түркістан, Алматы облыстарында бұл жұмыс нәтижелі жүргізіліп жатыр. Алайда, Ақмола, БҚО, Қарағанды, Қызылорда облыстарында мониторинг топтарының жұмысы әлі де бәсең. Бұл бағытта барлық өңірде белсенділікті артыруға тиіс, — деді ол.
Қазіргі уақытта COVID-19 таралу қарқыны бойынша Нұр-Сұлтан мен Алматы, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Маңғыстау облыстары «қызыл» аймақта орналасқан. Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарын қоспағанда, қалған барлық өңір «сары» аймақта.