Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеев Сауран ауданының активіне жаңа әкімді таныстырды.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 87-бабына сәйкес, Президенті әкімшілігінің келісімімен және Сауран ауданы мәслихаты депутаттарының бірауыздан қолдауымен, Сауран ауданы әкімінің лауазымына бұған дейін облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарып келген Ғани Рысбеков тағайындалды.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Сауран ауданының әкіміне алдағы жұмысына сәттілік тілей отырып, абыройлы еңбек ететініне сенім білдірді.
Бұл – үлкен жеңіс, тарихи оқиға. Бүгінгі тарихи сәтпен Сауран ауданының халқын құттықтаймын. Сауран ауданында үлкен потенциал бар. Жаңа ауданға арнайы тәжірибелі әкімді тағайындап отырмыз. Аудан экономикасын көтеруге бар тәжірибесін, білімін, күш-жігетір жұмсайды деп сенемін. Аудан қайта бой түзеп келе жатқан Түркістанмен шектеседі, сондықтан Сауран ауданына ерекше көңіл бөлінеді. Басты мақсат – аудан халқына барынша қолайлы тұрмыстық жағдайлар жасау. Ауыл, елдімекендерімізді жайлы, қауіпсіз, таза да көрікті аумаққа айналдыру. Жаңадан тағайындалған аудан басшысына депутататтармен және аудан активімен бірлесіп, осы міндеттерді шешуді тапсырамын, – деді Өмірзақ Шөкеев.
Ғани Рысбеков 1962 жыл 8 сәуірде Түркістанда туылған. Қазақ, білімі жоғары. 1986 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын ғалым агроном мамандығы, 2005 жылы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетін қаржыгер мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1979 жылы Түркістан қаласында Чапаев атындағы колхозда жұмысшы болып бастаған.
1980-2015 жылдар аралығында Түлкібас жеміс-жидек зауытының жұмысшысы, Целиноград облысы Балхаш ауданы Веселовский совхозының аға агрономы, Түркістан ауданы әкімі аппараты ұйымдастыру бөлімінің инспекторы, меңгерушісі, Түркістан қаласы жастар ісі спорт және туризм басқармасының бастығы, Түркістан қаласы әкімдігінің шаруашылық басқармасы мемлекеттік мекемесінің бастығы, Түркістан қалалық мәслихатының хатшысы болған.
2019 жылдан бері Кентау қаласының әкімі, Қазақстан халқы ассамблеясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметтерін атқарып келді.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Құрмет» орденімен марапатталған.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Түркістан облысында Сауран ауданы құрылды. Аудан орталығы Шорнақ ауылы болады. Шорнақ ауылы Түркістаннан 20 шақырым жерде орналасқан. Бүгінде мұнда 12 мың халық тұрады. Жаңадан құрылған аудан халқының саны 100 мыңнан асады деп жоспарланып отыр. Ауданның жалпы көлемі 12 ауылдық округ пен әкімшілік орталығын қоса алғанда 650 мың гектар болады.