Бұл туралы мемлекет басшысы Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес отырысында айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Атырау облысында жол апатының жиілеп кетуі елді алаңдатып отыр.
Былтыр өңірде 232 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 69 адам қайтыс болған. Әсіресе «Орал-Атырау» тас жолына баса назар аударған жөн, — деді президент.
Мемлекет басшысы сонымен бірге еліміздегі жергілікті жолдарды жөндеуге 2019 жылдан бері 50 миллиард теңге бөлінгенін айтты.
Үкімет пен облыс әкімдіктері 2025 жылға дейін жергілікті жерлердегі жолдардың 95%-ін жөндеп, ретке келтіруге тиіс. 2019 жылдан бастап бүкіл еліміз бойынша осы мақсатқа жыл сайын республикалық бюджеттен 50 миллиард теңге бөлініп жатыр. Жол құрылысына және оны жөндеуге жергілікті бюджеттен де қаржы жұмсалады. Нәтиже жоқ деп айтуға болады. Жөнделген жолдың көбі бір жыл өтпей жарамсыз болып қалады. Мұны ашық айту керек, – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Нұр-Сұлтан – Алматы» автожолын жөндеу жұмыстарының да әлі күнге аяқталмағанын сынады.
Президент бұл жолды 2023 жылы пайдалануға беруді тапсырды. Бұл жұмыс Үкімет пен әкімдердің ұдайы назарында болуы қажет екенін ескертті.
Президент Үкіметке еліміздің көлік және транзиттік әлеуетін барынша пайдалану жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырды. Бұдан бөлек қала ішіндегі жолдарды тиімді пайдалану, көлік қозғалысын басқарудың бірыңғай орталығын құру туралы да айтты.