Informburo.kz порталының хабарлауынша, бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың үйқамақ мерзімі тағы ұзартылды.
Тиісті өтінішті бүгін сотқа прокуратура өкілдері жолдаған еді. Прокурорлардың айтуынша, Елжан Біртановтың қазіргі қамауға алу мерзімі сәуір айының соңында аяқталады. Соған сәйкес, Елжан Біртанов бостандықта жүрсе, тергеуге қысым көрсетуі мүмкін.
Бірақ судья Ақмарал Исаева Елжан Біртановтың үйқамақта бұлтартпау шарасын бұзбағандығынан ескеріп, күндізгі уақытта үйден шығуына рұқсат берді.
Судья экс-министрге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасының мерзімін 14 мамырға дейін ұзарту туралы шешім шығарды. Дегенмен, оның үйден 8.00-ден 19.00-ге дейін шығуына және туыстарымен араласуына рұқсат етілді. Сонымен бірге жұмыс істеп, мемлекетке пайдасын тигізуіне мүмкіндік берілді.
Бұл ақпаратты экс-министрдің адвокаты Дмитрий Куряченко да растады.
Нұр-Сұлтанның тергеу соты шешім шығарды. Үйқамақта отыру жағдайын жеңілдетті. Қоғамға және отбасына пайдалы болуы үшін 8-ден 19.00-ге дейін үйден шығуға рұқсат берді. Алайда қалған шектеулерге қорғаушылар келіспейді. Біз оны үй қамауынан толығымен босату керек деп санаймыз. Сонымен бірге сот күдіктің негізділігін тексерген жоқ. Заң бойынша оны әр ұзарту кезінде тексеру керек, — деді адвокат.
Сот барысында бұрынғы министрдің «Емдеу Групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жұмыс істеп жүргені белгілі болды.
Бұған дейін Елжан Біртановтың отбасы мүшелері мен адвокаттардан басқа адаммен сөйлесуіне толық тыйым салынған еді. Экс-министр енді туыстарымен араласып, жұмыс істей алады. Десе де, тергеу әлі жалғасады. Тағылған айып өзгеріссіз қалды.
Елжан Біртанов Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасап, яғни 526 225 351 теңге сомасында қаражат жымқырып, аса ірі мөлшерде мемлекетке материалдық залал келтірді деп күдіктелуде, – деді судья Ақмарал Исаева.
Айта кетсек, онлайн режимде өткен сот отырысында Елжан Біртанов судьядан өзін босатуды сұрады. Ол сот отырысында бостандықта жүрсе, эпидемиямен күресуде қоғамға пайдасы тиетінін айтты.
Менің еш кінәм жоқ және өзіме тағылған айыппен келіспеймін. Құрметті судья, мені босатуыңызды сұраймын. Себебі, мен қазір қамауда отырғанымнан гөрі бостандықта жүрсем, эпидемиямен күресуде қоғамға көбірек пайдамды тигізер едім. Менің денсаулық сақтау, медицина саласында жиған көп жылдық тәжірибем жеткілікті. Сондықтан эпидемиямен қалай күресу керектігін білемін, – деді Елжан Біртанов.
Еске салайық, 2020 жылы жазда президент жарлығымен Елжан Біртанов қызметінен босатылған еді. Қараша айында оған аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылып, қылмыстық іс қозғалды. Кейін экс-министр үйқамаққа алынғаны хабарланды.
2021 жылдың 28 наурызында Елжан Біртановтың үйқамақ мерзімі үшінші рет ұзартылды.