Басты бетҚоғам2025 жылға...

2025 жылға қарай ауылдағы тұрмыс деңгейі қалай жақсарады?

Бұл туралы премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

Биыл 480 ауылды жаңғыртуға 105 миллиард теңге бөлінді. Басты міндет – ауылда тұрмыс сапасын арттыру, — деді Үкімет басшысы Асқар Мамин.

Жол

2025 жылды қоса алғанда, жергілікті маңызы бар 27 мың шақырым жол салынып, жөнделеді.

Баспана

Ауылдарда 24 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Жұмыс орны

Аграрлық-өнеркәсіптік кешен саласында 500 мың жұмыс орнын құрумен 845 жоба, 350 мың фермерлік және үй шаруашылықтарын тартумен 7 экожүйе жүзеге асырылатын болады. Қабылданып жатқан шаралар 1 миллион ауыл тұрғынының табысын арттыруға мүмкіндік береді.

Ауыз су

Ауыл тұрғындарының 100%-ы сапалы ауыз сумен, 60%-ы табиғи газбен қамтамасыз етіледі. Денсаулық сақтау саласында бес жыл ішінде 1 095 нысан жөнделіп, салынады. Бұл халықты медициналық қызмет көрсетумен қамтуды 2 есеге ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Білім беру

5 жыл ішінде 5 мың мектеп жаңғыртылып, 315 ауыл мектебі салынады. Ауыл оқушыларын қосымша біліммен барынша қамту және қала мен ауыл арасындағы білім сапасындағы алшақтықты қысқарту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

Мәдениет және спорт

2025 жылға қарай 748 мәдениет нысаны мен 1 719 спорт нысаны жөнделіп, салынады.

Асқар Мамин Ұлттық экономика министрлігіне ауылдық аумақтарды кешенді дамыту жөніндегі жұмысты тиісті көрсеткіштермен және бірыңғай тәсілмен үйлестіруді тапсырды.

Ауыл шаруашылығы министрлігіне «Бәйтерек» ҰБХ» акционерлік қоғамымен және әкімдіктермен бірлесіп, ауылдық жерлерде кредит қаражатына қажеттіліктің ұлғаюын ескере отырып, АӨК-ті тұрақты қаржыландыруды, сонымен бірге жоспарланған барлық жобаның іске асырылуын қамтамасыз ету тапсырылды.

Үкімет басшысы Индустрия, энергетика, денсаулық сақтау, білім және мәдениет министрліктеріне өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, барлық қажетті шараларды қабылдау және 2025 жылға қарай ауылдық аумақтарды дамыту бойынша нысаналы индикаторларға қол жеткізуді қамтамасыз ету тапсырды.