Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-те хабарлады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша республикалық және жергілікті жолдардың құрылысы мен жөндеу жұмыстарын ретке келтіру жалғасып жатыр. Осы саладағы жұмыстарды және бақылауды босаңсытып алғаны үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Сайранбек Бармақов, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстары әкімдерінің орынбасарлары Теміржан Шәкімов, Иван Турков және Нұржауған Қалауовтар қызметінен босатылды, — делінген жазбада.
Берік Уәлидің хабарына қарағанда, Үкімет, әкімдер, құқық қорғау органдары бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалуының алдын алу, жол құрылысы саласындағы келеңсіздіктерді жою үшін шаралар қабылдап жатыр.
Еске салайық, мұның алдында «ҚазАвтоЖол» төрағасы Ұлан Әліпов жұмысын дұрыс атқармағаны үшін қызметінен босатылған еді.