Басты бетҚоғамҚасым-Жомарт Тоқаев...

Қасым-Жомарт Тоқаев Есенғали Раушановтың отбасына көңіл айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Есенғали Раушановтың қайтыс болуына байланысты оның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.

Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.

Есенғали Әбдіжаппарұлы бірқатар газет-журналда қызмет жасап, рухани-мәдени саланың өркендеуіне үлес қосты. Ширек ғасырдай уақыт бойы «Жазушы» баспасының директоры болып, қазақ әдебиетінің құнды дүниелерінің жарыққа шығып, халыққа кең таралуы жолында мол еңбек сіңірді. Ақын ретінде қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Өр рухты өлеңдері мен поэмалары оқырмандар тарапынан жоғары бағасын алды. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын, – делінген жеделхатта.

Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли сонымен бірге Есенғали Раушановтың қазасына байланысты әлеуметтік желіде жазба жариялады. Онда бірнеше күн бұрын ақынның денсаулығының нашарлауына байланысты Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев пен денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға хабарласқанын жазды.

Ұмытпасам осыдан екі апта бұрын Ұлықбек аға хабарласып, Есағаң ауырып қалды, дұрыстап назарға алу керек деген. Мен қала әкімі Бақытжан Әбдірұлымен сөйлестім. Ол кісі де құрметін білдіріп, жеке бақылауына алатынын айтқан. Өзімен де сөйлестім. Бірақ, демінде сәл ентігі болғанымен жағдайы жақсы сияқты еді. Демеп, қанаттандыруға еңсемді салғам. Өзі де рухы көтеріліп «Бұдан да өтерміз” деп еді, жарықтық. Екі күн бұрын Светқали аға да алаңдап хабарласты. Министр Алексей Цойға айттым. Ол да назарына алған. Бірақ, келіп тұрған ажалға араша бола алмадық, — деді Берік Уәли.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Berik UALI (@berikuali)

Айта кетейік, 15 сәуір күні Есенғали Раушанов 64 жасқа қараған шағында қайтыс болды.