Ақын Есенғали Раушанов қайтыс болды

Қайғылы хабарды ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек Facebook-парақшасында естіртті.

Қадірлі ағайын! Қазақтың аса көрнекті ақыны, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Есенғали Раушановтан айырылып қалдық. Алла алдынан жарылқасын. Асыл рухы бейіштің төрінде шалқысын. Қосымша ақпарат кейінірек беріледі, — делінген хабарламада.

Есенғали Раушанов 1957 жылы 5 қазанда Қарақалпақстанда туған. Қазіргі әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген.

1983–1987 жылдары «Жалын» және «Арай» журналдарында поэзия бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, 1988–1995 жылдары «Білім және еңбек» («Зерде») журналының бас редакторы қызметін атқарды. «Жазушы» баспасының директоры болды.

Белгілі қаламгердің «Бастау» (1980), «Келінтөбе» (1984), «Шолпан жұлдыз туғанша» (1986), «Ғайша бибі» (1992), «Қара бауыр қасқалдақ» (1995), «Періштелер мен құстар» (2005), «Бозаңға біткен бозжусан» (2006), «Құстар біздің досымыз» (2007) сияқты бірнеше жыр жинағы жарық көрген.

Есенғали Раушанов Кеңес дәуіріндегі қарсылық әндердің бірі «Қара бауыр қасқалдақ» әнінің сөзін жазған. Аталған ән Кеңес одағы тарамай тұрып, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына орай туған.

Оның өлеңдері орыс, литва, болгар, чех, украин, өзбек, қырғыз тілдеріне аударылған. Өзбек ақыны Хамза Ниазидің өлеңдерін өзбек тілінен аударып, жеке кітап етіп шығарған.

Белгілі ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері.

Baribar.kz редакциясы марқұмның отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.