Бағдарлама не жайлы?
«Qazaq time» жобасын Данияр Кожан мен Нью-Йоркте полицей болып істейтін Димаш Ниязов жүргізеді. Бағдарлама америкалықтарға қазақ халқы жайында, Қазақстанға қатысты кейінгі ақпаратты, Нью-Йорк жаңалықтарын баяндайды.
Әуелі Freedom FM-нің 2 сағатын сатып алдық. Әр дүйсенбі Нью-Йорк уақыты бойынша 10.00-де эфирге шығамыз. Радио жақсы тыңдалатын кез деп осы уақытты алуға тырысқан едік. Бірақ қаражат жағы қиындау болғандықтан, қазір уақыт 1 сағат қысқарды. Біздің бағдарламаның 80%-і орысша жүреді. Өйткені радио орысша сөйлейтін азаматтарға арналған. Тек қазақша берсек, бізді түсінбей, бағдарламаны жауып тастайды. Freedom FM-ның саясаты сондай, бағдарлама орыс тілінде болуы керек. Өйткені Америкада орысша сөйлейтін комьюнити өте үлкен, — дейді Данияр Кожан.
Осыған қарамастан бағдарламада тек қазақша әндер шырқалады екен. Музыка контентін автор өзі іріктейді. Qazaq time-нан көбіне МузАрттың, А’Студионың, Батырхан Шүкеновтың әндерін, Ұлытау тобы шығармасын тыңдауға болады.
Бұл радио бағыты Ресейдің Love Radio-сына, өзіміздің Zhuldyz FM-ге ұқсайды. Саясат сияқты күрделі тақырыптар көтермейміз. Форматы жеңілдеу, көбіне көңіл көтеру үшін, сондай-ақ танымдық мақсатта жүргіземіз, — дейді автор.
Qazaq time-да кімдер қонақ болды?
Радио жүргізушілері түрлі танымал қазақстандықтан сұхбат та алады. Алғашқы қонақ Нью-Йорктегі Қазақстанның бас консулы болыпты. Одан кейін әлеуметтік желіде келесі қонақ туралы сауалнама жүргізіп, нәтижесінде Роза Рымбаеваны шақырған. ҚР Мәдениет министрлігі бұл мәселе бойынша көмектеседі екен.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Бір шығарылымда Иманбек қонақ болды. Авторлар музыкантпен өзі байланысқан. Ал Роза Рымбаева және А’Студионы министрлік арқылы шақырыпты. Қонақ болатын тұлғаға Америкаға бару міндет емес, эфирге интернет арқылы шыға береді.
АҚШ мен Қазақстан уақыты арасында айырмашылық үлкен. Ол жақта таң атқанда, бізде кеш батып жатады. Роза апай концерт жүріп жатқанда, антрактіде тікелей эфирге шықты. А’Студиодағы Байғали аға Мәскеуде жүргенде байланысты. Уақыт жағы қиындау болғанымен, АҚШ-тағы радиобағдарламаға сұхбат беру қонақтарыма қызық әрі жаңа тәжірибе деп ойлаймын, — дейді Данияр.
Алдағы уақытта Qazaq time-да Геннадий Головкин қонақ болуы мүмкін: баспасөз хатшысына ұсыныс жолданыпты. Енді авторлар жауап күтіп отыр.
Данияр қазір Қазақстанда жүр. АҚШ-қа орала салысымен Вашингтондағы елшімен сұхбат жасамақшы. Одан кейін Ресейдің Муз-ТВ телеарнасының бас директоры Арман Дәулетяровтан интервью алуға келіскен.
Qazaq time қалай пайда болды?
Данияр 5 жылдан бері АҚШ-қа барып тұрады. Нью-Йоркте пиар-менеджер болып істейді.
Қалада көбіне көлікпен жүруге тура келеді. Осындай сәттердің бірінде радио тыңдаған Данияр бұл елде түрлі тілде 20 шақты толқын барын байқаған. Және қала ішінде көлікпен келе жатып, қазақтың күйін тыңдайтын радио болса ғой деп армандайды.
2020 жылдың көктемі еді. Тұтастай қазақ радиосын ашу өте күрделі жұмыс, көп қаражат керек. Мобайл қолданбамен шектеліп қалсақ, оны тек қазақтар тыңдайды. Менің мақсатым — бізді басқа ұлттардың да, америкалықтардың да тыңдауы, тануы. Содан кейін Freedom FM-ге хабарластым. Нью-Йоркте 25 мыңдай қазақ тұрамыз деп бағдарлама ашуға ұсыныс жасадым. Әрине, әр шығарылым үшін төлейміз. Солайша келісімшартқа отырдық, — дейді автор.
Бағдарламаны бірге жүргізетін адам ретінде Димаш Ниязға ұсыныс айтылған. Ол бірден келісіпті. Нәтижесінде былтыр 8 қыркүйекте Qazaq time бағдарламасы жұмысын бастайды. Ә дегенде бағдарламаның аяққа тұрып кетуіне, мәтініне, форматына Zhuldyz FM-нің бас редакторы Анар Мыңбаева көп көмектесіпті. Қазір бағдарламаны Бизнесті басқару корпорациясы жетекшісі Әлмұрат Мұратов қаржылай қолдап отыр екен.
Алдағы уақытта мемлекеттік қолдау алуға тырысып көреміз. Болмаса, жеке қолдаушылар табармыз, жарнамамен өмір сүруге де болады. Тұрақты қаржылай қолдау болмаса, бағдарламаның ғұмыры ұзаққа бармайды, — дейді Данияр.
Ол Нью-Йорктегі өзге тілдерде де шығатын радиолар туралы айтты. Соның бірі — өзбекше сөйлейтін радиостанция.
Бұл радионың бізден артықшылығы мен кемшілігі бар. Өзбекше сөйлейді, бірақ хабарлары үш тілде таратылады. «Өзбек радиосы» деп аталады. Біз сияқты бір радиостанция ішінен сағат алып отырған жоқ. Кемшілігі — оны тек өзбек халқы тыңдайды және интернет, яғни қолданба арқылы ғана тарайды. Ал Freedom FM-ды интернеттен ғана емес, көлікте де тыңдауға болады, — деді Qazaq time авторы.
Бағдарлама үш тілде сөйлейтін жүргізуші іздеп жатыр
Бүгінге дейін Qazaq time-ның жеті бағдарламасы жарық көріпті. Қазір Данияр мен Димаш Нью-Йоркте тұратын, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде таза сөйлейтін адам іздеп жатыр. Себебі болашақта тек қазақша не орысша сөйлейтін емес, ағылшын тілді қонақ та шақырылмақ.
Мақсатым — бағдарламадан АҚШ президентін көру. Негізі Дональд Трампты шақырғым келген, бірақ ол президенттіктен түсіп қалды. Харизмасы күшті, өзіне сенімді кісі. Көп кітабын оқыдым.
Нью-Йорк Манхэттен, Бруклин, Бронкс, Квинс, Статен-Айленд болып бес ауданға бөлінеді. Әр ауданның басшысын президент деп атайды. Freedom FM радиостанциясы Бруклинде орналасқан. Данияр осы аудан президенті Эрик Адамсты Qazaq time-ға шақырып, ұсыныс жолдапты. Айтпақшы, Эрик Адамс жақында Нью-Йорк мэрі болуы мүмкін екен.
Эрик Адамс Қазақстан туралы біледі. Ұсынысымызға қызығушылық білдірді. АҚШ-тағы басшылар көбіне қарапайым болып келеді, радионың енді ашылғанына немесе бұрыннан келе жатқанына қарамайды. Ертең мэр болуына қаладағы қазақтар дауыс берсе, оған тиімді болар еді.
Данияр бірнеше жыл бұрын боксшы Майк Тайсоннан сұхбат алған. Қазір авторлар бұл боксшының да Qazaq time-ға сұхбат беруін жоспарлап отыр екен. Ал атақты тұлғалардың қатысуы бағдарламаның танымал болуына, рейтингісінің көтерілуіне әсер етеді.
Қазақстанда Qazaq time-ды Данияр Instagram арқылы радиодан тікелей эфирге шыққанда немесе Freedom FM мобайл қолданбасы арқылы тыңдауға болады.