Кенесары ханның бас сүйегі табылғаны рас па?

Қазақстандағы кейбір БАҚ бірнеше күн бұрын "Кенесары ханның бас сүйегі табылды" деген ақпарат таратты. Бұған Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетіне қарасты Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдиннің Facebook-парақшасындағы жазбасы себеп болған. Baribar.kz тілшілері білім және ғылым министрінінен осы жөнінде сұрады.

Кенесары ханның бас сүйегі «табылғаны» туралы Atameken business арнасы, Baq.kz порталы, Aigak.kz сайты хабарлады.

Atameken business арнасындағы материалдың скрині

Baq.kz материалының скрині
Aigak.kz жариялаған материалдың скрині

Newsmakers.kz редакциясы хабарына қарағанда, Зиябек Қабылдин жазбасында ұлы ханның бас сүйегін қайтару үшін құрылған сарапшылар комиссиясы құрамына кіргенін жазған.

Бүгіннен бастап ұлттық тарихымыздың мүлде жаңа кезеңі басталады. Бүгін ынтымағы жарасқан екі мемлекет Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас тарихында жаңа деңгейге өтеміз, достығымыз одан әрі нығайып, бейбіт қарым-қатынас тереңдей түспек. Мен Ресейдің Мәдениет министрлігі тарапынан Кенесары ханның бассүйегін қайтару жұмыстары бойынша ресейлік сарапшылар комиссиясының құрамына шақырту алдым. Келістім. Сүйінші! Кенесары ханның бассүйегі табылды! Мен оның қалай табылғаны немесе оның қай жерде жатқаны туралы нәзік нәрселерді жеткізе алмаймын. Ол белгілі бір ресмилікті талап етеді және ол дипломатиялық деңгейдегі дүние. Бірақ бұл бастаманы Ресейдің жоғары билік өкілдері көтеріп отырғаны анық, — делінген жазбада.

Алайда тарихшы кейінірек бұл жазбаны Facebook-парақшасынан өшірген. Тарих институтының директоры бұл әрекетін Newsmakers.kz тілшісіне берген сұхбатында былай түсіндірген:

Кенесары хан жөнінде болса, оны жігіттермен ақылдасып, қоя тұратын болдық. Ана жақ, а то бермей қояды дейді. А так былай 100 пайыз, Хан Кененің бас сүйегі. Сондықтан мен постымды алып тастадым. «Бірінші әкеп алайық, сосын насихаттаймыз дейді жігіттер»

Baribar.kz тілшілері Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтен осы туралы сұрады.

Асхат Аймағамбетовтің сөзінше, білім және ғылым министрлігіне және басқа ведомстволарға да мұндай ресми ақпарат түспеген.

Бұл — азаматтың жеке ойы және өзінің жеке парақшасында жазған ақпарат болатын. Қазір бұл мәселені анықтап жатырмыз, — деп жауап берді министр.

Сонымен бірге Асхат Аймағамбетов Зиябек Қабылдин жеке парақшасында өте белсенді екенін және қоғамдағы әртүрлі мәселеге қатысты жеке ойын бөлісіп отыратынын айтты.

Қызметтегі мәселе мен өзінің жеке құқықтары бар ғой. Журналистердің де өз құқықтары бар. Жұмыс бабында айтатын, көтеретін мәселер және жеке көтеретін мәселер бар. Қазақстан азаматы ретінде бұл мәселеге қатысты нақты өз пікірін жазды. Біз айтып отырмыз ғой, бізге ресми дерек келіп түскен жоқ және басқа да мемлекеттік органдарда, менің білуімше, Мәдениет министрлігінде де мұндай ақпарат жоқ. Енді осы мәселені жан-жақтан қарап, анық-қанығын анықтау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, — деді ол.

Кенесары — 1837-1847 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, Қазақ хандығының соңғы ханы (1841-1847). Шыңғыс ханның 27-ұрпағы, Абылай ханның немересі.

Күнту Арынбек,
Мейірман Лес.