Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің арнаулы өкілімен кездесті

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаев президент әкімшілігінің құрылымында осы жаңа лауазымның бекітілуі жаһандық және өңірлік күн тәртібінің жылдам өзгеруі кезінде халықаралық ынтымақтастық мәселесіне ел басшылығы тарапынан ерекше назар аударылатынын айтты.

Президентттің айтуынша, арнаулы өкіл қызметінің басты басымдықтары COVID-19 пандемиясының ауыр салдарын еңсеру, ұлттық экономиканы және әлеуметтік саланы жедел қалпына келтіру мақсатында сыртқы ресурстарды тарту үшін шетелдік әріптестермен тығыз байланыстарды арттыру.

Осыған байланысты кездесуде цифрлық және жасыл технологияларға баса мән беріліп, озық инвестициялық жобаларды іске асыруда, көпжақты қаржы-экономикалық ұйымдармен ынтымақтастықты арттыруда, Дүниежүзілік сауда ұйымы аясында жаңартылған әлемдік сауда архитектурасын қалыптастыруда Қазақстанның белсенді атсалысуы қажет, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен бірге мемлекет басшысы Ержан Қазыхановқа гуманитарлық сала, климат дипломатиясы, сонымен бірге Қазақстанның негізгі сыртқы саяси бастамаларын ілгерілету сияқты халықаралық ынтымақтастықтағы маңызды міндеттер жүктеді.

Жоғарыда аталған міндеттерді ескере отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру барысында отандық және шетелдік зерттеу орталықтарымен, Қазақстанның азаматтық қоғамымен кері байланыс орнатудың маңызын айтты.

Президент Сыртқы істер министрі, Президент көмекшісі, БҰҰ және ЕҚЫҰ жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі, Австриядағы, Ұлыбритания мен АҚШ-тағы елші сияқты жауапты қызметтердегі жұмыс тәжірибесі Ержан Қазыхановқа өзіне жүктелген жаңа міндеттерді абыроймен атқаруға септігін тигізетініне сенім білдірді.

Еске салайық, 5 сәуірде Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы президентiнiң халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі» туралы жарлыққа қол қойды. Бұл қызметке Қазақстанның Америка Құрама Штаттарындағы төтенше және өкілетті елшісі лауазымынан босаған Ержан Қазыханов тағайындалды.