Атырауда күн сәулесінен қуат алатын станса орнатылады

Бүгін Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Shell компаниясының қолдауымен іске асырылатын күн панельдерін орнату бойынша келіссөздер өтті.

Өңірдегі Зияткерлік мектептің әкімшілігі «МЭК-Астана» ЖШС-нің атқарушы директоры Алексей Ляликовпен жүздесті. Мердігер компания өкілі күн сәулесінен электр қуатын бөлетін станцияның жалпы жұмысы мен техникалық сипаттамалары туралы айтты.

Бұған дейін еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау және Орал қалаларындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінде іске қосылған бірегей жоба оқушылардың ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыруға және білім беру мекемесінің электр шығындарын азайтуға мүмкіндік бермек. Бұл біз үшін «жасыл экономикаға» көшудегі игі бастама, – деді Атыраудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Құралай Ахмадиева.

Екі жақты кездесуде тараптар күн станциясын қондыру үшін мектеп аумағында қолайлы орындарды қарастырып, құрылыс және монтаж жұмыстарының барысын талқылады.