Wizz Air лоукостері Түркістан мен Алматыға әуе рейстерін ашуы мүмкін

Бұл туралы премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

Джозеф Варади Асқар Маминнің наурыз айындағы БАӘ-ге сапары аясында мүмкін болған «Wizz Air»-дың «Абу-Даби – Алматы» және «Абу-Даби – Нұр-Сұлтан» бағыттары бойынша тұрақты жолаушылар тасымалын бастау туралы уағдаластықтың іске асырылу барысы туралы баяндады.

Сонымен бірге тараптар халықаралық бизнес және туристік қоғамдастық қызығушылық танытып отырған Түркістан, Алматы және Қазақстанның басқа да қалаларына «Wizz Air» әуе рейстерін ашу келешегін, аймақтағы және әлемдегі аса перспективалы сауда бағыттары бойынша әуе жүк тасымалын ұйымдастыруды талқылады.

Бұдан бөлек «Wizz Air» әуе компаниясы Қазақстанда жаңа буындағы авиаотын өндірісін – «тұрақты авиациялық отынды» (sustainable aviation fuel) өндіруді ұйымдастыруға қызығушылық танытты.

Кездесуге индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов және Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасының орынбасары Жаслан Мәдиев қатысты.

Айта кетейік, «Wizz Air» компаниясы — Орталық және Шығыс Еуропадағы ең ірі бюджеттік әуе тасымалдаушысы. Әуе компанияда Airbus A320 және A321 ұшақтары бар. Еуропаның 47 еліне және одан тыс жерлерге 900 бағыт бойынша бюджеттік әуе рейстерін орындайды.