Генерал Есенгелді Мұстафетов қайтыс болды

Tengrinews.kz-тің хабарлауынша, жерлеу рәсімі ертең, 4 сәуірде өтеді.

Есенгелді Мұстафетов — генерал-майор, заң ғылымдарының докторы, профессор. Ол 1943 жылы 9 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Тәжік мемлекеттік университетінің заң факультетін тәмамдаған.

Еңбек жолын Тәжік ССР МҚК — мемлекеттік қауіпсіздік комитеті — (КГБ) кіші опер өкілеттігінен бастап, КСРО МҚК инспекторлық басқармасы басшысы орынбасары қызметіне дейін көтерілген.

ҚазССР орталық аппаратының бөлім басшысы, Шығыс Қазақстан облыстық МҚК басқармасында бастықтың орынбасары, Шымкент облыстық МҚК басқармасының бастығы қызметін атқарып, Атырау облыстық МҚК басқармасында жұмыс істеді.

1991 жылы Мәскеуде КСРО МҚК төрағасының орынбасары қызметін атқарды. 1991 жылдың соңында КСРО МҚК-нің таратылатыны және оның Ресей заң құзыретіне өтетіні туралы жарлық шықаннан кейін елге қайтып тәуелсіз Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік органдарында қызметін жалғастырды.

1992 жылы Шымкентте кепілге алынғандарды азат ету операциясын басқарған.

ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, ҚР-ҚазКСР ҚК Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс комитеті төрағасының орынбасары, ТМД Парламентаралық Ассамблеясының мүшесі әрі бизнесмен болған.

2008 жылдың желтоқсанына дейін Ресей Федерациясының жедел-іздестіру қызметі мәселелері жөніндегі диссертациялық кеңестің төрағасы болды. Содан кейін Қазақстанға оралды.

Есенгелді Мұстафетов «Мемлекеттік қауіпсіздіктің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, КСРО-ның 8 медалімен, Ұлттық қауіпсіздік органдарының құрметті қызметкері атағымен, жеке есімі жазылған Макаров тапаншасымен, «Әулие Станислав» орденімен марапатталған.