Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус туралы тағы да үндеу жасады

Мемлекет басшысы Twitter-парағында еліміздегі эпидемиология ахуалы жөніндегі кеңесте коронавирусты жеңу жолдарын айтқанын және Үкіметке қандай тапсырма бергенін жазды.

Коронавирусқа байланысты эпидемиология ахуалы жөніндегі кеңесте індетті жеңудің жалғыз жолы вакцина салдыру екенін айттым. Екі ай ішінде Қазақстан халқының 0,1% ғана екпе ектірген. Үкімет отандық вакцинаны шығару және шет елден әкелу арқылы сәуір айында жағдайды күрт өзгертуге тиіс. Барлық азаматымызды вакцина салдыруға шақырамын. Бұл өзіңіздің, ата-аналарыңыз бен жақындарыңыздың сақтығы үшін қажет, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, ҚХР, Израиль, БАӘ тәжірибесі екпе ектірудің ойластырылған стратегиясы мен локдауннан шығу ғана азаматтарымыздың күнделікті өмірін қалпына келтіруге және экономиканың барлық секторының, оның ішінде, пандемиядан зардап шеккен салаларды қайта жандандыруға жол ашатынын көрсетіп отыр.

Фото: Akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев сонымен бірге пандемия жағдайында бизнесті шектеу мен тексеру шаралары ашық жүргізілуі керек екенін айтты.

Жүйелі түрде, қасақана тәртіп бұзғандарды ғана жазалау қажет. Прокуратура жанынан рейд кезіндегі тәртіп бұзушылықтар туралы хабарлайтын колл-орталық ашылуға тиіс, — деді президент.

Мемлекет басшысы Үкімет пен Парламентке мына уақытша шараларды орындауды тапсырды:

1. Зардап шеккен салалардағы шағын және орта бизнес нысандарының жекелеген салықтары мен төлемдерін шегеру;

2. Салықтық және кедендік қарыздарын мәжбүрлеп өндіріп алуды тоқтату.

Денсаулық сақтау саласына шектен тыс күш түсу қаупі бар. Үкімет пен әкімдер шұғыл түрде жансақтау бөлімдерін құралдармен жабдықтап, оған бас дәрігерлер мен әкім орынбасарларын жауапты ретінде бекітуі керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуына қарағанда, Денсаулық сақтау министрлігі мен «СҚ-Фармация» басшылығы медицина қызметкерлеріне берілетін жеке қорғаныс заттарының сапасы мен тиісті көлемде жеткізілуін қатаң бақылауы қажет.