Алексей Цой еліміздегі COVID-19 туралы үш болжам айтты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен коронавирус инфекциясына қарсы іс-қимыл шаралары бойынша кеңесте денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елдегі эпидемиология жағдайды және вакцинация туралы баяндады, сонымен бірге Қазақстандағы пандемияға қатысты үш болжам  айтты.

COVID-19 бен өлім-жітім бойынша ахуал шиеленісе түсті. Бүгінде дүниежүзінің 221 елінде 129 миллионнан астам коронавирус дерегі тіркелген.

2,8 миллионнан астам адам қайтыс болды, өлім көрсеткіші — 2,2%. 2021 жылдың қаңтарында коронавирус жұқтырғандар азайғанымен, ақпан айынан бастап тұрақты өсу үрдісі байқалды.

Биыл республика бойынша наурыз-сәуір айларында аурудың нақты болжамы тура келді. Кейінгі 10 күнде республикада коронавирус жұқтырған 15 156 адам тіркелді, наурыздың басымен салыстырғанда инфекция жұқтыру деңгейі 2 есе өсті,  әсіресе, Алматыда, Нұр-Сұлтанда, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Алматы облыстарында науқас саны көп, — деді Алексей Цой.

1 сәуірдегі жағдай бойынша республикада коронавирус жұқтырған науқастарға медицина көмегін беру үшін 25 893 төсек-орын бар, 258 инфекция стационары тартылған. Оның 33%-інде пациент жатыр. Реанимациялық төсек-орын саны — 2 394,  бұл — жалпы орынның 20%-і.

Наурызда да өлім-жітімнің көбеюі байқалады, коронавирустан 288 науқас қайтыс болды, оның ішінде кейінгі екі аптада өлім-жітім 2,7 есе көбейді. Наурыз айындағы өлім-жітімнің 74%-і төрт өңірде — Алматы, Нұр-Сұлтан және Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында болған, — деді министр.

Өңірлерде инфекциялық орын резерві — 51 мың төсек, жұмыс істеп тұрған инфекция стационарларының жүктемесі 70%-ке жеткенде резерв объектілері тартылады, бұл кезде жоспарлы мамандандырылған медициналық көмек беріледі.

Министрлік өңірдегі әрбір медицина ұйымындағы төсек қорының пайдаланылуын мониторинг жүргізудің электрон жүйесін әзірледі, бұл қосымша стационарлардың уақытылы әрекет етуіне мүмкіндік береді.

Сонымен қатар коронавирусқа тестілеу зертханаларының қуатын арттыру бойынша жұмыс жалғасып жатыр.

Жаңа мутацияларды анықтау мақсатында біз тұрақты негізде республика аумағындағы коронавирус штамдарына генетикалық зерттеу жүргіземіз. Наурызда 265 генотип зерттелді, оның 12 үлгісінде британиялықтарға тиесілі вирус анықталды, оның 8-і импортталған. Бұл штамның айналымы Алматыда, Нұр-Сұлтанда және Ақтөбе облысында анықталды. Сонымен бірге Алматыда «оңтүстік африка» штамының айналымы белгіленген. Сонымен қатар наурыз айынан бастап бүкіл дүниежүзінде үш штамның ықтимал мутациясын анықтаудың экспресс әдісі жүргізіліп жатыр, — деді ведомсвто басшысы.

357 үлгі зерттелді, оның ішінде 13 өңірдің 87 сынамасында «британиялық» және «оңтүстік африкалық» штамдарға тән ықтимал мутация анықталды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы, сіздің тапсырмаңызға сәйкес, 2021 жылғы 1 ақпаннан бастап коронавирусқа қарсы вакцинациялау басталды. Вакцинация алдымен коронавируспен күресіп жүрген мамандарға салынды. Бұл тактика әлемнің көп елінде қолданылады. Екі ай өткен соң вакцинация өзінің тиімділігі мен қауіпсіздігін көрсетті, сонымен бірге халық арасында сенімді арттырды. 1 сәуірдегі жағдай бойынша 300 мың азаматқа вакцинацияның қолжетімділігі қамтамасыз етілді. Сәуір айының ішінде ресейлік вакцинаның қосымша 2 миллионнан астам дозасынан жеткізу жоспарланып отыр. Бірінші жартыжылдықтың соңына дейін 6 миллионға жуық қазақстандықты вакцинациялау жоспарланған», — деді денсаулық сақтау министрі.

Вакцинаның бұл көлемі коронавирусқа қарсы вакцинациялауға жататын контингентті және өтеусіз негізде барлық ниет білдірушіге вакцинацияның қолжетімділігін барынша кеңейтуге мүмкіндік береді. Министр сонымен қатар Қазақстанда ауқымды вакцинация жүргізу тәжірибесі бар екенін айтты. Бұған дейін елде бір айда 2 миллионнан астам азамат тұмауға қарсы вакцинацияланды.

Ел аумағында анықталған мутацияланған штамдарды ескеріп, біз эпидемиология жағдайы болжамын жаңарттық. Осылайша, пессимистік сценарий бойынша 2021 жылдың сәуір-маусымында тіркелген жағдайлар саны шамамен 370 мың болады, 190 мың адамды ауруханаға жатады.

Реалистік сценарий бойынша 2021 жылдың сәуір-маусымында тіркелген жағдайлардың болжамды саны — шамамен 250 мың адам, 127 мың адам ауруханаға жатады.

Оптимистік сценарий бойынша 2021 жылдың сәуір-маусымында тіркелген жағдайлардың саны шамамен 140 мың адамға жетеді, 71 мың адам ауруханаға түседі.

«Министрлік елдегі және әлемдегі эпидемиология ахуалына тұрақты мониторинг жүргізеді, соның негізінде медицина ұйымдарының коронавирус инфекциясымен сырқаттанушылықтың өсуіне дайындығын арттыру бойынша шаралар қабылданады. Денсаулық сақтау жүйесі эпидемияның сценарийі бойынша жүктемені жеңе алады. Осыған байланысты шектеу шаралары жергілікті және елдік деңгейде де, өңірлік деңгейде де сараланған түрде қабылданады», — деді министр.

Оның пікірінше, вакцинация қарқынын арттыру шектеу шараларын азайтуға және пандемияға дейінгі кезеңдегі қоғамға оралуға мүмкіндік береді.

ДереккөзHolanews.kz