Қасым-Жомарт Тоқаев: Бұл жыл коронавирустан біржола арылудың жылы болуға тиіс

Бұл туралы президент еліміздегі коронавирус індетіне байланысты эпидемиология ахуалы жөніндегі кеңесте айтты.

Мемлекет басшысы коронавирусқа қарсы шараларда ақпараттық түсіндіру жұмыстарының маңызына тоқталды.

Тұрғындардың індетке қарсы иммунитетін көтеру жұмысы тиімді ақпараттық түсіндіру шараларымен қатар жүруі керек. Осы маңызды жұмысқа кәсіби мамандарды, жаппай екпе салуды қолдайтын белсенді азаматтарды тартқан жөн. Бұл бағытта отандық бизнестің ұстанымы өте маңызды. Өйткені, ұжымдық иммунитет қалыптаспай, санитария шектеуін толығымен алып тастау мүмкін емес. Қызметкерлермен және олардың отбасы мүшелерімен түсіндіру жұмысын жүргізу қажет, — деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев кеңес барысында қазақстандықтарды вакцина салдыруға тағы да үндеді.

Азаматтарымызды екпе мәселесіне жауапкершілікпен қарап, түрлі қауесеттерден аулақ болуға шақырамын. Біз, ең алдымен, мына нәрсені түсінуіміз керек: халқымыздың денсаулығы мен материалдық игілігі жаппай вакцинациялауды табысты өткізуімізге байланысты, — деді ол.

Сонымен бірге президент биыл коронавирустан біржола арылу керек екенін айтты.

Биыл – қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл. Бұл жыл пандемиямен күрестегі түбегейлі бетбұрыстың және коронавирустан біржола арылудың жылы болуға тиіс деп санаймын, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тағы оқыңыз: Президент денсаулық сақтау министрі мен Үкімет жұмысын сынады.