Нұрсұлтан Назарбаев көрнекті сәулетші, қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, егемен еліміздің елтаңбасы авторының бірі Шот-Аман Уәлихановтың өмірден өткені туралы суыт хабарды үлкен күйзеліспен қабылдап, орны толмас ауыр қайғыға ортақтасып, көңіл айтты.
Шот-Аман Ыдырысұлы сан қырлы дарыны мен биік парасаты, еселі еңбегі арқылы ұлттық сәулет өнерінің өркендеуіне зор үлес қосқан тұлға еді. Азаттықтың бесігі болған Алматыдағы Тәуелсіздік монументін сомдаған шығармашылық топ жетекшісі, сонымен бірге көп еңселі ескерткіш пен көрікті ғимараттың авторы ретінде ел мәдениетінің дамуына атсалысты. Талантты шәкірттер тәрбиелеп, соңына бірқатар ғылыми-зерттеу еңбектерін қалдырды. Алаш жұртының құрметіне бөленген абзал азаматтың жарқын бейнесі халық жадында әрдайым сақталады деп сенемін, – делінген жеделхатта.
Айта кетейік, бүгін сәулетші Шот-Аман Уәлиханов 89 жасына қараған шағында дүниеден өтті.