Атырауда қуыршақ театрының тұсауы кесілді

Махамбет Өтемісұлы атырдағы драма театрының кіші залында балалаларға арналған қуыршақ театрының тұсауы кесілді.

Алғашқы қойылым атасы мен немересіне арналды. Немересі жаз бойы атасының қасына еріп жүріп тал теректі суаруына көмектесіп, атасынан домбыра шертуді үйренеді. Сол уақыт бойы ақсақал тәрбиелік мәні бар өнегелі әңгімелерін айтып отырады. Ал немересі халық даналығын біртіндеп бойына сіңіреді. Қойылым соңында демалыс аяқталады. Немересі қалаға кетіп, сол сәтте орын алған үйдегі тыныштық пен ақсақалдың бұрышта ілулі тұрған радиомен қалғаны көрерменге ерекше әсер етті.

Үлкен залға қарағанда кіші залдың ұтымды жері бар. Көрерменнен екі-үш метр қашықтықта отырып,  қоюшы-суретшінің, қуыршақтардың, оны ойнатушы әртістердің тамаша жұмысын көріп, бағалауға болады.

Қойылымының сценарийін драма театрының әртісі Бекет Зинуллин құрастырған. Оның айтуынша, ауылда өскендіктен бұл тақырып оған қиындық тудырмаған.

Махамбет атындағы драма театрының директоры Берік Жәменовтің айтуынша, қуыршақтар қойылымы бұдан әрі жалғасын тауып, орыс тілді оқырмандарға да арнап ұсынылады.

Алғашқы жобамыз болған соң театрдың барлық ұжымы, суретшілері, режиссерлары ортақ күш салды. Менің ойымша, бәрі жақсы өтті. Болашақта еліміздегі жетекші қуыршақ театрын шақырып, тәжірибе алмасамыз, — дейді ол.