Атырауда Наурыз тойы аталып өтті

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов пандемия жағдайына байланысты атыраулықтарды Наурыз мерекесімен бейнебайланыс арқылы құттықтады.

Құрметті атыраулықтар мен облыс қонақтары! Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!
Тамыры тереңде жатқан Наурыз мейрамы ұлттық күнтізбеміз бойынша жылдың басы сана­лады. Қытымыр қыстан аман шығып, көктемнің жылуына жеткен бабамыз осы кезде өткенге са­лауат айтып, болашаққа үмітпен қарап, ыдысын аққа толтырып, бір-біріне ақжарма тілектерін ақтарған.

Бүгінде біз осы дәстүрді өзгеше көзқараспен қайта жаңғыртып, рухани қазынамызға айналдырдық. Биыл ел Тәуелсіздігі және 22 наурызды «Наурыз мейрамы» деп жариялау туралы Президент Жарлығына қол қойылғанына 30 жыл толғанын айрықша атап өткен жөн. Сондықтан, Ұлыстың ұлы күні тәуелсіздігімізбен бірге қайта жанданып, халықтың асыға күтетін мейрамына айналды. Бұл мереке Қазақ елінде де сан ұлт өкілдерін бірлік-берекеге бастай­тын жалпыхалықтық мерекеге айналып үлгерді. Атырау – зор әлеуетімен, келелі істерімен мемлекеттің дамуына сүбелі үлес қосып отырған өңір. Былтырғы қиындықтарға қарамастан қол жеткізген табыстарымыз да аз емес.

Әз-Наурыз барша атыраулықтарға, әр отбасына береке, табыс, молшылық әкелсін. Әрдайым ел игілігіне арналған жақсы әрі жасампаз істеріміз көп болсын. Жаңа жыл құтты, Ұлыс оң болсын, ағайын!, — деді аймақ басшысы.

Әрі қарай жергілікті өнерпаздар әннен шашу шашып, мың бұралып биледі. Іс-шараға өнерпаздар Атырау қаласымен қоса аудандардан келген.

Атырау Наурыз

Айта кетейік, биыл пандемияға байланысты облыста наурыз мерекесінің нақыштары декоротивтік негізде ұйымдастырылды. Бұрынғыдай киізүйлер құрылмады, мерекелік дастархан да жайылмады.