Оралда «Алтын орда» балалар театры ашылды

Оқиға аң патшасы арыстанның сырқаттанып қалып, оның орнына лайық жануар іздеуінен басталады. Таққа таласып, бір мәмілеге келе алмаған қасқыр, қоян, түлкі, кірпі  әрқайсы патшалықты бір күн билеп көрмекке келіседі. Кішкентай актерлар өз ролін жоғары жауапкершілікпен алып шықты. Әсіресе көрерменді өз өнерімен тәнті еткен қоян (Мендали Мендалиев), қасқыр (Ерен Сардар), жапалақтың (Ақтолқын Сабитқызы) ойнау шеберлігі шынайы. Жұртшылықты бірлікке, татулыққа, достыққа шақыруды мақсат еткен ертегі желісі көрермен көңілінен шықты.

Шараға арнайы келген қала әкімі Абат Шыныбеков жиылғандарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.

«Бұл — әр баланың өнерін, талантын, әр қырынан ашуға мүмкіндік беретін театр. Өнерлі балғындарымыз осы жерден тәлім алып, өнерін шыңдайтынына сенеміз. Өйткені осы идеяның басы-қасында өнер майталмандары жүр. Таланттардың бағын ашу, оларға бағыт-бағдар беру- біздің міндетіміз. Өнерлі балаларымыз сахнаның киесін, сөз қадірін ұғынып өссе дейміз. Осы театрдан шыққан түлектеріміз қазақ ұлтының өнерін әлемге паш ететіне зор сенім білдіреміз»,- деді қала әкімі Абат Абайұлы.

Қойылымның режиссеры Самал Әбуов «Алтын Орда» балалар мен жасөспірімдер қоғамдық театрына соңғы іріктеу кезеңі (кастинг) ақпан айында өткенін айтты.

«Жалпы үш кезеңнен құрылған кастингке қала бойынша 5-16 аралығындағы 60-қа  жуық талантты балалар мен жасөспірімдер қатысып, бағын сынады. Театрға қабылдау кезеңін өзім және » Алтын Орда» театрының көркемдік жетекшісі Әсем Төлепберген, мәдениет саласының үздігі, актриса, аудармашы Эльмира Мақашева, «Мәдени-ағарту» бірлестігі  директорының шығармашылық ісі жөніндегі орынбасары Бекей Қанатов қабылдады. Негізгі мақсатымыз – балалар мен жасөспірімдерді театр өнеріне баулу. Қазiр «Алтын Орда» балалар мен жасөспірімдер қоғамдық театрының құрамында  40-қа жуық жас өрен дәріс алып жүр. Тағы да бірнеше қойылым өткізуді жоспарлап отырмыз», -деді Самал Әбуов.

 Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты «Мәдени-ағарту» бірлестігінің жанынан ашылған жаңа театр Ю. Гагарин атындағы кинотеатрдың ғимаратында орналасқан.