Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, мемлекет басшылары сауда-экономикалық және әскери-техникалық ынтымақтастықтың қазіргі ахуалына, сонымен бірге Қазақстанда цифрлық платформа құру туралы қол жеткізілген уағдаластыққа жоғары баға берді.
Қазақстан президенті ұшақ құрастыру, автокөлік жасау, химия индустриясы салаларындағы бірлескен жобаларға көңілі толатынын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, биылғы сәуір айында Қазанда екі мемлекеттің үкіметтері арасында қол қойылатын 2021-2025 жылдарға арналған экономикалық ынтымақтастықтың кешенді бағдарламасының маңызы зор.
Владимир Путин Ресей мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық, әскери-техникалық және цифрлық салалар бойынша байланыстарды нығайтудың маңызды екенін айтты.
Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге «Спутник V» вакцинасының қосымша бөлігін жеткізу жайында өтініш білдірді.
Тараптар Еуразиялық экономикалық одақтың әлеуетін одан әрі арттыруға қатысты ұстанымдары сәйкес келетінін айтып, серіктестіктің бұл бағытында тығыз ықпалдаса жұмыс істеуге келісті.
Еске салайық, кеше, 22 наурызда премьер-министр Асқар Мамин Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасы Михаил Мишустинмен Қазақстанға «Спутник V» вакцинасының 4 миллион қосымша дозасын жеткізу туралы келісті.
