Оралда Наурыз мерекесі қарсаңында көппәтерлі жаңа үй пайдалануға берілді

Осындай қуанышты күні қоныс иелерін құттықтаған қала әкімі Абат Шыныбеков мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігіне тоқталып, жаңа баспана иелеріне құтты болсын айтты.

Баршаңызды келе жатқан Ұлыстың ұлы күні әз Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Бүгін міне жер-жаһан жаңарып,еліміз қыстан аман-есен шыққан шақта, халқымыздың ұлық мейрамы  қарсаңында тағы бір қуанышты сәт орын алғалы тұр. Орал қаласының Зашаған кентіндегі 9 қабатты зәулім тұрғын үйдің ашылуы — өңіріміздегі мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудың тиімділігінің тағы бір дәлелі. Бүгінде еліміздегі тұрғын үй мәселелерін шешуге бағытталған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының арқасында осындай заманауи көпқабатты үйлер салып, тұтас аудандарды құруға болады. Зашаған кентінде мемлекеттік бағдарламалар аясында көпқабатты үйлер салынуда, осыған орай тұрғындар саны жылдан-жылға артуда. «Қадамдық қолжетімділік» аясында тұрғындарды әлеуметтік қызметтермен қамтуға көңіл бөлудеміз. Алдағы уақытта кент аумағында жаңадан бой көтерген тұрғын үйлер маңында әлеуметтік нысандар, балабақша, мектеп, спорт нысандары мен алаңдары салынатын болады. Біз бүгін 117 пәтерлік жаңа үйдің кілттерін пәтерлерін асыға күткен иелеріне табыстағалы тұрмыз.Барша қуаныш иелерін шын жүректен құттықтаймын! Шаңырақтарыңызда әрқашан жақсылық, бақ-береке орнасын деп тілеймін, — деді шаһар басшысы Абат Абайұлы.

Тұрғын үйде бір бөлмелі – 36, екі бөлмелі – 54, үш бөлмелі – 27 пәтер бар. Көпқабатты үйдің құрылыс жұмыстарын «Құрылыс Тайм Контракт» ЖШС жүргізген.

Фото: Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Сонымен қатар таяуда Орал қаласы әкімдігінің құрылымдық бөлімдері мен кент әкімдіктері  арасында Ұлыстың Ұлы күніне арналған «Салт-дәстүрім – асыл қазынам» атты онлайн форматта байқау ұйымдастырылды. Байқау ережесіне сай құрылымдық бөлімдер мен кент әкімдіктері өздері таңдаған салт-дәстүрдің тақырыбын ашып, театрландырылған көрініс ұсынды. Алдын-ала жолданған бейнематериалдарды әділ қазылар сараптап, үздіктерді анықтады.

Салт-дәстүрді насихаттауға арналған байқауға ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, ақын, қоғам қайраткері Шолпан Қыдырниязова, Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің БҚО бойынша филиалының төрағасы Айдар Батырханов, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Аманқос Жұбанышев әділ қазылық етті. Байқауда үздік деп танылғандар  алғыс хаттармен марапатталды.