Қызылорда облысында бір үйдің екі баласы суға батып қайтыс болды

Бұл туралы Шиелі ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

18 наурызда сағат 12:45-те Шиелі аудандық полиция және жедел жәрдем бөлімдеріне телефон арқылы 2 жасөспірім бала көлдегі суға батып қайтыс болғаны туралы хабарланған. 

Аталған хабарлама бойынша жедел-тергеу тобы оқиға орнына барып тексеру жұмыстарын жүргізді. 18 наурыз сағат 12.00 шамасында №112 үй тұрғындары 2013 жылы туған ұл бала мен 2015 жылы туған қыз бала үйінің сыртындағы 5-8 метр жерде орналасқан көлге батып қайтыс болғаны анықталды, — делінген баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Шиелі аудан әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, балалар ені 150-200 метр, терендігі 3-5 метр болатын Сүйіндік деп аталатын көлдің үстіндегі мұзда ойнап жүрген.

Жергілікті уақыт бойынша 12 сағат 55 минутта ауыл тұрғындарының күшімен судан мәйіттер (киіммен) шығарылды, — делінген хабарламада.

Шиелі ауданы әкімдігі орны толмас ауыр қайғыға ортақтасып отбасы мен туған-туысқандарына көңіл айтты. Қайғы жамылған отбасыға аудан әкімдігі тарапынан материалдық көмек көрсетілетінін хабарлады.