Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Наталья Годунованың айтуынша, былтыр Есеп комитеті 18 аудиторлық және сараптамалық-аналитикалық іс-шара өткізіп, 47 триллион теңгеден астам қаржыға аудит жүргізген.
1,8 триллион теңгеге дейінгі бюджет қаржысын тиімсіз жоспарлауға және жұмсауға байланысты заң бұзушылықтар 1,5 есе, 81 миллиард теңгеге дейінгі қаржылық заң бұзушылықтар 2 есе өскен.
Есеп комитетінің төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа пандемия кезінде экономиканы қолдау мақсатында дағдарысқа қарсы күреске бөлінген қаржының тиімді жұмсалуын бақылау жөніндегі Мемлекет басшысының бұған дейін берген тапсырмасының іске асырылу барысын баяндады. Сонымен бірге квазимемлекеттік сектордағы активтердің тиімді басқарылуына жүргізілген бағалау жұмыстары жайында айтты.
Кездесуде президент Наталья Годуноваға бірқатар нақты тапсырма берді, атап айтқанда мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары қызметін жетілдіруді міндеттеді.