Бас санитар дәрігер Наурыз мейрамы қарсаңында үндеу жасады

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифингіде журналист Наурыз мейрамын туыстар арасында тойлауды қалай тоқтататынын сұрады.

Бәрі халықтың жауапкершілігіне байланысты. Әрине, біз жеке үйлерге, жеке пәтерлерге кіріп тексермейміз. Бірінші кезекте көп адам жиналатын ортада немесе орындарда ең алдымен өздерінің жақындары мен туыстарына үлкен қауіп төндіретінін есте ұстау керек, — деді Ерлан Қиясов.

Еліміздің бас санитар дәрігері Ерлан Қиясов Наурыз мейрамын шағын ортада, отбасы мүшелерімен атап өтуге болатынын айтты.

Бұл отбасылық мереке екенін түсінеміз және көптен күткен мереке екені де анық. Бірақ кез келген жағдайда біз сақтық танытуымыз керек. Сондықтан, осындай мерекелерге бармауға шақырамыз. Шағын ортада, отбасы мүшелерімен мейрамды атап өтуге болады. Жасы үлкен қариялар бар екенін де ұмытпайық. Олардың денсаулығына алаңдауымыз керек», — деп жауап берді бас санитар дәрігер онлайн брифингіде.

Ерлан Қиясов, Бас санитар
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Ерлан Қиясов сонымен бірге мейрам кезінде әр адам денсаулығына ерекше мән беруі керектігін ескертті.

Осыған байланысты біз, әсіресе, «қызыл» және «сары» аймақтарда тұрған өңірлерде бұқаралық шараларды барынша азайтуға кеңес береміз. Өйткені бұл шараларға халық көп жиналып, аурудың таралу қаупі артады. Ал «жасыл» аймақтағы өңірлерге шараларды адам санын мейлінше шектеп ұйымдастыруға, негізгі шараларды онлайн өткізуге кеңес бердік, — деді ол.

Оның айтуынша, әр өңірдің бас санитар дәрігері эпидемиология жағдайына қарай іс-шаралар көлемін өздері анықтай алады.

Айта кетейік, Қазақстандықтар Наурыз мейрамына байланысты 20-24 наурыз аралығында бес күн демалады.

Бүгінде елімізде коронавирус жұқтырғандар саны 226 767-ге жетті. Қазақстанның үш өңірі «қызыл», төрт өңірі «сары» аймақта орналасқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да