Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Асқар Маминді қабылдады

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Премьер-министрдің айтуынша, кейінгі екі айда экономикада тұрақты оң динамика байқалады. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, ауыл шаруашылығы салалары қарқынды дамып келеді. Қызмет көрсету ісі біртіндеп қалпына келе бастады. Ақпарат пен байланыс саласы оң көрсеткіштерге қол жеткізді. Азық-түлік өндірісі, жеңіл өнеркәсіп, химия өнеркәсібі, металлургия, оның ішінде, түрлі-түсті металл өндірісі мен машина құрастыру, фармацевтика салаларында тұрақты өсім бар.

Асқар Мамин президентке ОПЕК+ мониторинг комитеті отырысының қорытындылары туралы ақпарат берді. Аталған жиында Қазақстан үшін мұнай өндірісін тәулігіне 20 мың баррельге дейін арттыру туралы жеке келісім жасалғанын айтты. Бұл тау-кен секторындағы өндіріс өсімін біртіндеп ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Кездесуде сонымен бірге елдегі санитария-эпидемиология жағдайы талқыланды. Премьер-министрдің айтуынша, жағдай бақылауда: республика бойынша вирустың арту көрсеткіші 0,9-ды құрайды, жұқпалы ауруханалардағы төсек орын 23%, жан сақтау бөлімшелеріндегі орындар 16% толған.

Премьер-министр Қасым-Жомарт Тоқаевқа инвестициялар тартуды, тұрғындарды жұмыспен қамтуды, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыруды қамтамасыз ету және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының басқа да өзекті мәселелері бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімет берілді.