Түркістанда жеке үйде бес адам өлі табылды

27 ақпанда сағат 18.35-те Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті кезекші-диспетчер қызметінің «103» пультіне Түркістанда жеке тұрғын үйде 5 адам, оның ішінде 4 кәмелетке толмаған бала өлі табылғаны туралы хабарлама келіп түсті. Үйде өрт белгісі табылған жоқ. Табиғи газбен жылыту орнатылған», — делінген хабарламада.

Түркістан облысы әкімдігі өкілдерінің хабарлауынша, бір отбасының бес мүшесі иіс тиіп қайтыс болған.

Бүгін Түркістан қаласында қайғылы жағдай. Бір отбасының бес мүшесі иіс тиіп қайтыс болды. Зардап шеккен отбасына қажет психологиялық және материалдық көмек беріледі. Мәселе менің жеке бақылауымда. Қайтыс болған отбасының туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын!, — делінген Өмірзақ Шүкеевтің сөзінде.

Қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтау үшін облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбаевтың басшылығымен арнайы комиссия құрылғаны айтылады.

Төтенше жағдай департаментіне қалалар мен аудандардың әкімдігімен бірлесіп, барлық жерде жылыту жүйесін тексеруді және онымен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік шарасын сақтау бойынша ақпараттық түсіндіруді күшейту тапсырылды, — делінген облыс әкімінің жазбасында.

ТЖМ өкілдері газ жабдықтарын пайдалану бойынша қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады.