Қазақстанда автокөліктердің жартысынан көбі ескірген

Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Елімізде 2015 жылы ескі көліктердің үлесі 72,5% еді. Содан бері бұл көрсеткішті төмендету үшін қайта өңдеуге төлем енгізу және жеңілдетілген автонесие түрінде мемлекеттік ынталандыру шаралары қолданылды. Нәтижесінде ескі көліктер саны 8%  азайды, — делінген министрліктің хабарламасында.

10 жылдан асқан автокөліктер Алматы облысында ең көп тіркелген. Қазақстандағы барлық ескі автокөліктің 15,5% немесе 385 720 бірлігі осы өңірде. Ал ең азы — Атырау облысында (1,5% немесе 36 945 бірлік).

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, шыққанына 3 жылдан аспаған жаңа автокөліктердің 30%-і Нұр-Сұлтан мен Алматыда тіркелген.

Нұр-Сұлтан (барлық жаңа автокөліктердің санынан 13,7% немесе 63 266 бірлік) мен Алматыда (16,9% немесе 78 079 бірлік) тіркелген, — делінген хабарламада.

Жаңа автокөліктер Жамбыл (1,8% немесе 8 111 бірлік) және Түркістан облыстарында (1,9% немесе 8 877 бірлік) ең аз тіркелген.