Президент пен Kaspi.kz басшысы қолма-қол ақшасыз төлем туралы сөйлесті

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездеуде Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе Мемлекет басшысына компанияның қазіргі жұмысы мен жетістіктері туралы айтты.

Президентке ірі жаһандық инвесторлардың Қазақстанға деген қызығушылығы артқаны жөнінде мәлімдеді. Бұған Kaspi.kz акцияларының Лондон қор биржасына ашық түрде сәтті орналастырылуы себеп болды, — делінген Ақорда таратқан хабарламада.

Сонымен бірге кездесуде қолма-қол ақшасыз төлем көлемінің өсуі және оның қолданылу аясын кеңейту, компанияның қатысуымен мемлекеттік цифрландыру жобаларын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Мемлекеттік органдар мен Kaspi.kz компаниясының бірлескен жұмыстарының перспективалық бағыттары белгіленіп, Қазақстандағы қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамытуға қатысты мәселелер нақтыланды.