Президент медицина мамандығында оқитын студенттердің стипендиясын көбейтуді тапсырды

Бұл туралы Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында айтты.

Біз бүгінде бұл кадрлардың тапшылығын сезіп отырмыз. Бұл — жедел шешімді қажет ететін маңызды әрі күрделі мәселе. Біз дәрігерлер мен ұстаздардың жалақысын көтеріп жатырмыз. Осыған дейін педагог мамандығына оқып жатқан студенттердің стипендиясын арттыру туралы шешім қабылдадық. Бұл қадам оңтайлы көрсеткіш берді. Сондықтан медицина мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттердің стипендиясын көтеру қажет, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сонымен бірге ақпараттық-коммуникация технологиялары саласындағы білімнің маңызына тоқталды.

Біз оған карантин кезінде көз жеткіздік. Бұл қадам оқушылар арасындағы цифрлық теңсіздікті жояды. Бұл бағытты қашықтан оқыту бойынша дамыту қажет деп есептеймін, — деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев мектептерге отандық білім беру ресурстарына кіру үшін тегін тариф берілуі керек екенін айтты. Бұл мәселені Үкіметке қарауды тапсырды.

ДереккөзBaq.kz