Қасым-Жомарт Тоқаев: Жерді шетелдіктерге жалға беруге де болмайды

Президент жер мәселесіне қатысты нақты шешім қабылдағанын айтты.

Жер — халқымыз үшін қастерлі ұғым. «Жер шетелдіктерге сатылмайды» деп бірнеше рет айттым. Бұл жөніндегі қауесеттерді тоқтату керек. Сондықтан мен нақты мынандай шешім қабылдадым: Біріншіден, шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шарушалығы жерлерін сатуға және жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырамын. Бұл — шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға да қатысты, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, бір айдың ішінде Жер реформасы жөніндегі комиссия құру қажет.

25 наурызда жұмысқа кірісуді тапсырамын. Комиссия құрамына аграрлық секторлардың беделді мамандарын, жер мәселесін жақсы білетін сарапшыларды қосу керек. Үкіметке биылғы тамыз айының соңына дейін жер реформасының негізгі мәселелері бойынша ортақ мәміле арқылы түбегейлі байлам жасауды тапсырамын. Сосын халықты үнемі хабардар ету керек, — деді президент.

Айта кетейік, Қазақстан президенті бұған дейін жер шетелдіктерге сатылмайтынын бірнеше рет айтты. 2020 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан халқына Жолдауында, 2020 жылдың 10 шілдесінде Үкіметтің кеңейтілген отырысында жер шетелдіктерге сатылмайтынын мәлімдеді.

ДереккөзBaq.kz