Адвокат: Экс-министр Елжан Біртановтың үйқамақ мерзімі ұзартылды

Бұл туралы Біртановтың адвокаты Дмитрий Куряченко айтты, — деп хабарлады Tengrinews.kz.

Тергеу үйқамақ мерзімін 2021 жылдың 12 ақпанында ұзартуды сұрады, сот наурыздың соңына дейін ұзартты, — деді адвокат Дмитрий Куряченко.

Экс-министрдің адвокаты Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Біртановты заңсыз қудалау ісін реттеуге өтініш жазғанын» да айтты.

Еске салайық, Елжан Біртанов 2020 жылы 25 маусымда денсаулық сақтау министрі қызметінен босатылды. Оның ұсталғаны 3 қарашада белгілі болды. Біртановқа аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылып отыр.

2020 жылдың қарашасында Дмитрий Кураченко экс-министр үйқамақта екенін хабарлады. 2021 жылдың қаңтарында Нұр-Сұлтан тергеу соты Елжан Біртановтың үйқамақ мерзімін ақпанның соңына дейін ұзартқан еді.