Бұл қайғылы оқиға туралы қылмыстық іс қозғалды. Өрт кесірінен үш қыз бен екі ұл көз жұмды. Балалардың үлкені 6 жаста, кішісіне 7 ай болмаған. Оларды көршілері құтқармақшы болған. Өздерінің көлігімен төрт баланы ауруханаға апарған, бірақ ендігі оларды құтқару мүмкін емес еді. Кейін өрт сөндірушілер бір баланы пәтерден тапты.
Үйдің көршісі Садық Егемдбердиев пәтерден дауыс естілгенде балалар шулап жүр деп ойлаған.
Асханада отырған едім. Шу естілгенде балалар жүгіріп жүр деп ойладым. Шықсам, түтінге оранып тұр. Үйіме қайта кіріп, киініп, қол шамды алып үшінші қабатқа жүгірдім. Кірейін десем, кіре алмадым, түтіннің қою болғаны сонша, кіру мүмкін емес еді. Қателеспесем, үйдің төбесі де жанып жатты, — деді Садық Егемдбердиев.
Үйдің тағы бір көршісі Алтынгүл Жамалбекова өзінен адамдардың дымқыл орамал сұрағанын айтты.
Менен дымқыл орамал сұрағанда есік ашқысы келді деп ойладым. Қарасам, подъезд қою түтінге оранған. Әйелдердің бірі үйге кіріп, екі баланы алып шықты. Бұл отбасы жас еді әрі жақсы жанұя деп айта аламын. Ата-анасы ішпейді, балалар қашан да тап-таза болып жүретін. Отбасы үш бөлмелі пәтерде тұрды. Өрт тұтанғанда әкесі жергілікті ауруханада жұмыста болған, анасы дүкенге шығып кеткен. Ол бастауыш мектепте мұғалім болып істейді, қазір декретте, — деді Алтынгүл Жамалбекова.
20 ақпанда балалар Талас ауданындағы Үшарал ауылына жерленді.
Айта кетейік, 19 ақпанда Жаңатаста сағат 15.15-те 2-шағынауданда 5 қабатты тұрғынүйдің 3-қабатындағы көлемі 16 шаршы метр пәтерде өрт шығып, бес бала қайтыс болды. Олар – кәмелет жасына толмаған 2015, 2016, 2017, 2019 және 2020 жылы туған балалар.
Бұл оқиға туралы Жамбыл облысы әкімі Бердікбек Сапарбаев пікір білдіріп, қайғылы отбасына көңіл айтты.
Президент Қасым-Жомарт балалардың қаза болуына байланысты ата-анасына көңіл айту жеделхатын жолдады.