Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбіл «Азаттық жолындағы ақтаңдақтар: ашаршылық зардаптарына шынайы тарихи көзқарас» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде айтылған мәселеге қатысты пікірін айтты.
Ашаршылық кезеңіне қатысты құжат көп. Олардың кейбірі архивте болса, кейбірі басылым беттерінде жарияланған. Соған қарамастан біз осы күнге дейін ашаршылықтың нақты себептері мен салдары туралы айта алмаймыз, айту үшін әлі де қосымша көп зерттеу жұмысы жүргізілуі керек, — деді Мемлекет тарихы институтының директоры Еркін Әбіл.
Оның айтуынша, ашаршылық мәселесі қазақ үшін ғана емес, сол кезеңде Қазақстан жерін мекендеген басқа ұлт өкілдері үшін де – үлкен трагедия. Соған қарамастан тарихшылар мен зерттеушілер эмоцияны қалдырып, осы оқиғаларды объективті, шынайы құжат негізінде зерттеуі керек.
Жалпы «Ашаршылыққа саяси баға беру керек» деп айтып жүргендер бар. Біз оған қалай саяси баға бере аламыз? Қазіргі уақыттағы Қазақстан Республикасы Кеңес одағының қателері мен қылмыстарына жауапты бола алмайды. Бүгінгі коммунистер де бір ғасыр бұрынғы большевиктердің қателері мен қылмыстарына жауапты емес, — деді ол.
Ол ашаршылық жылдары Ресейде де бірнеше миллион адам өлгенін айтты.
1921-1922 жылдардағы ашаршылық кезеңінде Ресейдің өзінде бірнеше миллион адам қаза тапқан. Әрине, бұған кінәлі адамдар бар. Лениннен бастап «Большевик» партиясы, сонымен бірге сол саясаттың жүзеге асуына ықпал еткен жергілікті белсенділер кінәлі. Осы мәселелерді дұрыстап зерттеу керек. Біз ашаршылық құрбандары кімдер екенін жақсы білмейміз, — деді Еркін Әбіл.
Сонымен бірге Мемлекет тарихы институтың директоры Еркін Әбілдің айтуынша, Қазақстанда осы мәселені зерттеген 5-6 ғалым болған, бірақ олар аймақта қандай оқиғалар болғанын толық білмейді.
Ең алдымен, тарихшыларға зерттеу жұмысымен айналысуға мүмкіндік беруіміз керек. Олар архивтерді ақтаруы қажет, ол – үлкен жұмыс, сондықтан оларға қаражат бөлінуге тиіс, — ол.
Тарихшы Еркін Әбіл зерттеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін қорытынды шығарып, одан кейін ғана саяси баға беруге болатынын айтты.